Астанада өткен National Think Tank Forum алаңында Қазақстанның соңғы жылдардағы даму нәтижелері сараланып, жаңа кезеңнің басымдықтары талқыланды. Сарапшылар ендігі міндет сандық көрсеткіштерді көбейтумен шектелмей, адами капиталдың сапасын, технологиялық күрделілікті, жоғары қосылған құнды және мемлекеттік институттардың өзгерістерге бейімделу қабілетін арттыруға тірелетінін атап өтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
21 тамызда өткен «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» форумына мемлекеттік органдардың, ұлттық талдау орталықтарының, халықаралық ұйымдардың, академиялық және сарапшылық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Жиынды ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов жүргізді.
Пікірталастың негізгі өзегіне адами капитал, білім мен ғылым, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, әлеуметтік тұрақтылық, экономикалық және өнеркәсіптік даму, энергетика және Қазақстанның өзгеріп жатқан халықаралық жүйедегі орны айналды.
Алғашқы сессияда елдің кейінгі жылдары жинақтаған даму капиталы бағаланды. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа білім мен жұмыспен қамтуға қолжетімділіктің жоғары деңгейін, цифрлық мемлекеттік қызметтердің дамуын және экономиканың неғұрлым орнықты моделіне біртіндеп көшуін атап өтті.
Оның пікірінше, Қазақстан келесі даму кезеңіне өту үшін берік негіз қалыптастырған. Енді негізгі мәселе қызметтің бар-жоғында ғана емес, оның сапасы мен азаматтың өміріне нақты әсерінде.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі рөлі өзгеріп келе жатқанын айтты. Бұрын негізгі басымдық студенттерді шетелге жіберуге түссе, қазір елдің өзі халықаралық білім мен таланттарды тартатын орталыққа айнала бастады.
Министрдің мәліметінше, Қазақстанда шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді. Отандық жоғары оқу орындарында 92 мемлекеттен келген 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жүр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, сапалы білім, таланттардың халықаралық мобильділігі, жасанды интеллект пен қолданбалы ғылымның тоғысуы Қазақстанның білім экономикасына көшуіне негіз қалайды.
Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун цифрлық мемлекет моделіндегі өзгеріске назар аударды. Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-орында, ал онлайн қызмет көрсету индексі бойынша алғашқы ондыққа кіреді.
Оның бағалауынша, цифрландырудың келесі кезеңі мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшірумен шектелмейді. Ұлттық жасанды интеллект платформасын дамыту, ЖИ агенттерін енгізу және дерекке негізделген басқаруға көшу мемлекеттік аппараттың жұмыс логикасын өзгерте алады.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев 2022 жылдан кейінгі өзгерістерді тұрақтылықтан қоғамдық орнықтылыққа өту кезеңі ретінде бағалады. Оның пікірінше, қоғамның тұрақтылығы өзгерістің немесе қатенің болмауымен өлшенбейді.
Сарапшы қоғамдық талапты тыңдау, қателікті түзету және қоғамдық келісімді жоғалтпай қажетті реформаны жүзеге асыру қабілетін негізгі өлшем деп атады.
Форумда Ұлттық Құрылтайдың қоғамдық және сараптамалық бастамаларды мемлекеттік шешімге айналдырудағы рөлі де сөз болды. Төрт жыл ішінде Құрылтай қатысушыларының ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданғаны айтылды.
Нархоз университетінің профессоры Андрей Казанцев Қазақстанның өзгеріп жатқан жаһандық тәртіптегі мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол көпвекторлы сыртқы саясатты, географиялық орналасуды, табиғи ресурстарды, цифрлық инфрақұрылымды, адами капитал мен тарихи қалыптасқан ашықтық мәдениетін елдің стратегиялық артықшылықтары ретінде атады.
Форумның екінші сессиясы Қазақстанның алдағы даму күн тәртібіне арналды.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова елдің әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне көшіп жатқанын айтты. Институт зерттеулеріне сәйкес, қазақстандықтардың 85,8 пайызы өз өміріне қанағаттанатынын білдірген, ал 60 пайызы алдағы уақытта оң өзгеріс күтеді.
Оның пікірінше, ендігі кезең жеке көрсеткіштерді өлшеуден қоғамдағы демографиялық, әлеуметтік, экономикалық, технологиялық және институционалдық өзгерістердің нақты адамның әл-ауқатына қаншалықты әсер етіп жатқанын кешенді бағалауға көшуді талап етеді.
Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Дастан Акебаев Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретіндегі орнын сақтап отырғанын атап өтті.
Оның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 159,6 трлн теңгеге немесе шамамен 306 млрд долларға жетті. Ел Орталық Азия экономикасының жалпы көлемінің шамамен 54 пайызын қамтамасыз етеді. Соңғы бес жылдағы нақты экономикалық өсім 21,3 пайызды құраған.
QazIndustry басқарма төрағасы Эльдар Ғұмаров өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспорттың рөлін күшейту қажеттігін айтты. 2025 жылы Қазақстанның шикізаттық емес экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 45 пайыз өсіп, 29 млрд долларға жеткен.
Ірі субъектілер сатып алатын отандық өнімнің үлесі 50,7 пайызға немесе 14,9 трлн теңгеге жеткен. Сарапшылар бұл көрсеткішті ішкі өндірістің нығайып келе жатқанының белгісі ретінде бағалады.
А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық білімді зерттеу және бағалау орталығының басқарма төрайымы Гүлжайна Елеусинова мектеп біліміндегі өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, инфрақұрылымның кеңеюі мен мұғалім мәртебесінің өсуі ендігі кезеңде білім сапасы мен балалар арасындағы тең мүмкіндік мәселесін алдыңғы қатарға шығарады.
Тұрғылықты жеріне қарамастан әр балаға сапалы білім беру білім саясатының басты өлшемдерінің біріне айналуға тиіс.
Energy Insights & Analytics аға басқарушы серіктесі Әлихан Байдусенов Қазақстанда жаңа энергетикалық архитектура қалыптасып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, болашақ энергетикасы көмір және газ генерациясын жаңғыртуды, жаңартылатын энергия көздерін, атом энергетикасын және электр желілерін дамытуды бір жүйеге біріктіруі керек.
Форум қорытындысында қатысушылар Қазақстан жаңа даму кезеңіне елеулі нәтижелермен келіп отырғанын атап өтті. Алайда келесі кезеңнің логикасы өзгеше болмақ.
Білімге қолжетімділіктен адами капиталдың сапасына, мемлекеттік қызметті цифрландырудан проактивті мемлекетке, экономикалық өсімнен технологиялық күрделілік пен жоғары қосылған құнға, формалды тұрақтылықтан қоғам мен институттардың өзгерістерге бейімделу қабілетіне көшу негізгі бағыт ретінде белгіленді.
Форумдағы ортақ ой да осыған саяды: кейінгі жылдары қол жеткізілген нәтижелер реформалардың соңғы нүктесі емес. Олар Қазақстанның келесі жаңғыру кезеңін бастауға арналған ресурс ретінде қарастырылуы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







