Сайлау науқаны қызған сайын партиялардың бағдарламасынан бөлек, ішкі алауыздығы, кадрлық шешімі мен сәтсіз мәлімдемесі де таразыға түсіп жатыр. Саясаттанушы Талғат Қалиев «Байтақ», Respublica және Қазақстан халық партиясын қазіргі науқанның ықтимал аутсайдерлері қатарына қосты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшының пайымдауынша, фавориттерді бағалаудың мәні шамалы. Өйткені табысты науқандардың ортақ сипаты көп болғанымен, сәтсіздікке ұшыраған әр кампанияның өз себебі бар.
«Классиктің сөзін сәл өзгертсек, табысты науқандар бір-біріне ұқсайды, ал сәтсіз науқандардың әрқайсысы өзінше сәтсіз», – дейді Қалиев.
«Байтақтың» бастауындағы төбелес
Саясаттанушы «Байтақ» партиясының науқаны жанжалдан басталғанына назар аударды. Партия съезінде бір топ қатысушы көшбасшыны қайта сайлау мәселесін күн тәртібіне енгізуге әрекет жасаған. Алайда пікірталас соңы төбелеске ұласқан.
Қалиевтің сөзінше, парламентте өкілдігі жоқ партия ішіндегі билік таласы бірнеше жыл бұрын-ақ байқалған. Съездегі текетірес сол қайшылықтың әлі тарқамағанын көрсетіп, ұйымның беделі мен сайлаушы сеніміне кері ықпал етуі мүмкін.
Сарапшы «Байтақтың» үгіт науқанынан жаңа мазмұн немесе ел есінде қалатын жарқын сюжет көрмегенін айтты. Сондықтан партияның бұрынғы сайлаудағы нәтижесінен айтарлықтай жоғары көрсеткішке жетуі екіталай деп санайды.
Respublica-ның саяси есеймеуі
«Байтақпен» қатар құрылған Respublica өткен сайлауда межелі кедергіден өтіп, Мәжіліске кірген еді. Дегенмен парламенттегі кезең партия үшін бірқатар қолайсыз ақпараттық оқиғамен қатар жүрді.
Қалиев алдымен Динара Шүкіжанованың депутаттық мандаттан мерзімінен бұрын бас тартып, бизнеске ден қою туралы шешімін еске салды. Қазір оның аты партиялық тізімде қайта көрінген.
Саясаттанушының айтуынша, белгілі бір ортада депутаттың мандаттан кетуі партияның жас көшбасшылары арасындағы келіспеушілік пен бәсекенің салдары ретінде түсіндірілген. Ал бизнесті таңдап, кейін сайлау тізіміне қайта оралуы партияның саяси ұстанымына қатысты қосымша сауал туғызады.
Respublica-ның тағы бір танымал өкілі Руслан Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, кейін қастандық құрбаны болды. Қалиевтің пікірінше, партия сол қиын сәтте серіктесіне анық саяси қолдау білдірмей, жалпылама мәлімдемемен шектелген.
«Берденовке қатысты партияның үнсіздігі мен Шүкіжанованың депутаттық кресло мен бизнес арасындағы таңдауы ұйымға саяси кемелдік қоспайды», – деп бағалады ол.
Абай туралы сөз партияға соққы болды
Сарапшы Respublica төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың дебаттағы мәлімдемесін партия науқанындағы ең ауыр сүріністің бірі санайды.
Қожаназаров пікірталас кезінде Абайдың жетістікке жетуіне Құнанбайдың дәулеті мүмкіндік бергенін, ондай жағдай болмағанда болашақ ақынның бала күнінен мал бағып, білім алуға мүмкіндігі жетпес еді деген мазмұнда ой айтқан.
Қалиевтің пайымдауынша, мұндай сөз ұлттық болмыс пен тарихи тұлғаларға қатысты мәселеге сезімтал қарайтын орта жастағы қалың сайлаушыны партиядан алыстатты.
Ал жастармен жүргізілген жұмыс нақты саяси мазмұн мен ұсынысқа ұласпай, ұран мен әсіре қолдаудың төңірегінде қалып қойған.
Бір партия, бірнеше пиар орталығы
Қалиев партияның ақпараттық сәтсіздіктеріне қатысты журналистік ортада айтылып жүрген пікірлерді де келтірді. Оның жазуынша, Respublica-ның басты пиар маманы ретінде бұрын Ұлттық Олимпиада комитетінде қызмет атқарған Жанар Өтешева аталады.
Саясаттанушы журналистерге сілтеме жасап, партия көшбасшыларының әрқайсысы сайлау науқанын жеке пиар командасымен жүргізіп отырғанын жеткізді. Бірыңғай ақпараттық орталықтың болмауы мәлімдемелердің өзара қабыспауына және партия ұстанымының шашыраңқы көрінуіне әкелуі ықтимал.
Алайда аталған тұжырымдар партияның немесе Жанар Өтешеваның ресми түсініктемесі емес, Қалиев келтірген бағалау мен журналистік ортадағы пікір екенін ескерген жөн.
Аблязовтан келген «сәлем»
Сарапшы Respublica төрағасының бұрынғы қызметтік байланысына қатысты тағы бір саяси тәуекелді атады. Айдарбек Қожаназаровтың бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов өз жақтастарын аталған партияға дауыс беруге шақырған.
Қалиев мұндай қолдау Respublica үшін пайдадан гөрі саяси салмаққа айналуы мүмкін деп есептейді. Себебі партияның кез келген жетістігін Әблязов өзінің Қазақстан қоғамындағы ықпалының дәлелі ретінде көрсетуге тырысуы ықтимал.
Оның үстіне, Telegram желісіндегі жақтастары ұйымдасқан түрде дауыс берсе, партияға елеулі қолдау көрсете алады. Мұндай жағдайда Respublica жинаған дауыстың қаншасы партияның өз электоратына, қаншасы сыртқы саяси үндеуге тиесілі екені дауға айналуы мүмкін.
Қазақстан халық партиясының ескі жүгі
Қалиев жуырда басшысын ауыстырған Қазақстан халық партиясының да сайлау келешегін айқын деп санамайды.
Бұған дейін негізінен егде жастағы сайлаушыға арқа сүйеген партия ескірген марксистік-лениндік идеялардың орнына жаңа мазмұн ұсына алмаған. Жүргізілген ребрендинг партияның басты нышаны саналатын қызыл туға да әсер етпеген.
Науқанның негізгі спикері ретінде бұрынғы төраға Ермұхамет Ертісбаев көрініп жүр. Алайда саясаттанушы оның сайлау бағдарламасын таныстырудан гөрі қарсыластарын сынауға көбірек ден қойғанын атап өтті.
Қазақстан халық партиясының бұрынғы сайлауларда жинаған тәжірибесі мен қалыптасқан электораты бар. Соған қарамастан, жаңа басшылық, ескі символика және жаңармаған идеологиялық мазмұн партияның қазіргі додадағы мүмкіндігін бұлыңғыр етіп отыр.
Қалиевтің талдауынша, үш партияға ортақ түйткіл бағдарламаның жоқтығында ғана емес. «Байтақты» ішкі тартыс әлсіретсе, Respublica-ға бытыраңқы коммуникация мен көшбасшылардың сәтсіз қадамы салмақ салған. Қазақстан халық партиясы болса, жаңа кезеңге ескі идеялық қоржынмен кіріп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







