Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. 20 тамыздағы отырыста марқұмның жұбайы Әділет Зейнел сол күнгі қаралы оқиғаны егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әділет Зейнелдің айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада ерлі-зайыпты Қосшыдан Астанаға бірге шыққан. Ұлдана күндізгі кезекшілікке кіріссе, күйеуі елордадағы Бірінші қалалық ауруханада жұмыс істеген. Таңертең екеуі хат алмасып отырған. Оқиғадан аз уақыт бұрын Ұлдана шақыртуға бара жатқанын, зардап шеккен адамды күйеуі істейтін ауруханаға жеткізуі мүмкін екенін жазған.
Сағат 10:50 шамасында Әділетке ішкі телефон арқылы жұбайының қабылдау бөлімінде жатқаны хабарланған. Алғашында естігеніне сене алмаған ол анасы қоңырау шалғаннан кейін төменге түскен.
«Екінші қабаттағы операциялық блоктан бірінші қабатқа түстім. Ұлдананы танып, әйелім екенін айттым. Өйткені оны ауруханаға белгісіз адам ретінде жеткізген», – деді Әділет Зейнел сотта.
Оның сөзінше, Ұлдана ес-түссіз жатқан, денесін қан жуып кеткен. Дәрігерлер киімін кесіп шешіп, шұғыл көмек көрсетуге кіріскен.
«Басының маңында кірпіштің сынықтары, темір мен ұсақ заттардың қалдықтары шашылып жатты. Өте ауыр жарақат алған еді», – деді марқұмның жары.
Ұлдана ауруханада жатқан он күн бойы есін жимаған. Сөйлей де, көзін аша да алмаған. Туыстары күндіз-түні жанынан табылған.
18 қарашада Әділет несие төлеу үшін аз уақытқа сыртқа шыққан. Қайтар жолда жансақтау бөлімінен қоңырау шалып, Ұлдананың ағзалары бірінен соң бірі жұмысын тоқтатып жатқанын хабарлаған. Сол күні 23 жастағы фельдшер көз жұмды.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің маңында болған. Ғимарат қасбетіндегі кірпіш қаптама мен кондиционер төменге құлаған. Шақыртуға келген Ұлдана Мырзуан зардап шеккен ер адамға көмек көрсетпек болған сәтте өзі ауыр жараланған. Кейін оған бас сүйегіне трепанация жасалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қаза болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Сот процесі 2026 жылғы 18 тамызда басталған. Айыпталушы орындығында үйдің мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязова отыр. Іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы – «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша қаралуда. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
20 тамызда қорғаушы тарап судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді. Сот өтінішті қанағаттандырмай, істі қарауды жалғастырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







