Жетісу облысында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды. Биыл конкурсқа 428 отбасы қатысып, өтінім саны бойынша Жетісу республикада екінші орынға шықты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Іріктеуден өткен 20 отбасының арасынан жүлдегерлер анықталып, жеңімпаздарды облыс әкімі Бейбіт Исабаев марапаттады. Олардың қатарында білім беру, спорт, ауыл шаруашылығы және өзге салаларда табысты еңбек етіп жүрген әулеттер бар.
Салтанатты шара Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Бейбіт Исабаев отбасы құндылығы, еңбекқорлық, ұрпақ тәрбиесі және қоғамдағы жауапкершілік мәселесіне тоқталды.
«Елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім ең алдымен әрбір шаңырақтың берекесінен басталады. Бәрімізді біріктіретін ортақ ұстаным – бірлік пен татулық, өзара құрмет, еңбекқорлық және ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілік», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы Мемлекет басшысы ұсынған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасын өмірлік ұстанымға айналдырудың маңызына да назар аударды. Оның айтуынша, қазіргі күрделі кезеңде жастар білімге, технологияға және прогреске ұмтылып, заман талабына бейім болуы қажет.
Байқаудың облыстық кезеңінде бірінші орын Көксу ауданынан келген Еркеновтер әулетіне бұйырды. Отбасы енді республикалық кезеңде Жетісу облысының намысын қорғайды.
Әулеттің отағасы Сәлім Сейтбайұлы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, КСРО спорт шебері атанған. Қазақ күресі мен еркін күрестен бірнеше рет жеңімпаз болған.

Еркеновтер отбасы 10 бала, 26 немере және 17 шөбере тәрбиелеп отыр.
«Көксу ауданының Еңбекшіқазақ ауылында 1960 жылдардан бері тұрамыз. Өзім ауыл шаруашылығында, қант қызылшасы алқабында және сүт зертханасында жұмыс істедім. Жолдасым екеуміз 10 бала тәрбиеледік. Балаларымыздың бәрі жоғары білім алып, маман иесі болды», – деді Қалипан Рыспайқызы.
Ол жас отбасыларға береке, татулық және ұзақ ғұмыр тілеп, көп жылғы еңбектерінің бағаланғанына алғыс білдірді.
Екінші және үшінші орындарды Панфилов ауданынан келген Ахметжановтар мен талдықорғандық Жармұхамедовтар әулеті иеленді. Екі отбасы да жарты ғасыр бойы шаңырақтың берекесін сақтап, бірнеше буын саналы ұрпақ тәрбиелеген.
Жеңімпаз отбасылардың бірі Күлғайша Жармұхамедова заманмен бірге дамудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, балаларды жаңа машықтарға үйретумен қатар ұлттық тәрбие негіздерін сақтау қажет.
«Еңбекке баулу, мейірім мен өзара қамқорлық, кішіге ізет, үлкенге құрмет және ұлттық құндылықтарды сақтау маңызды. Сонда отбасы берік те берекелі болады», – деді ол.
Облыстың әр аймағынан келген тағы жеті отбасы ынталандыру сыйлығына ие болды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификат, жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Жетісуда шаңырақ көтеріп жатқан жас отбасылар саны да артып келеді. Өткен жылы облыста 2 451 жас отбасы құрылса, биылғы алғашқы алты айда 1 409 жұп жаңа өмірге қадам басқан.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. «Мерейлі отбасы» байқауы осылайша ұзақ жылдық татулық, адал еңбек пен ұрпақ тәрбиесін қоғамдық құндылық ретінде дәріптеген әулеттерді тағы бір мәрте көпшілікке танытты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







