Риддер қаласында 600 оқушыға арналған жаңа «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді. Мемлекеттік тілде білім беретін заманауи оқу ордасы «Казцинк» ЖШС-ның жеке қаражатына салынды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Ауқымды әлеуметтік жоба қаланың 5-шағынауданында жүзеге асырылды. Жаңа нысан Риддердің білім беру инфрақұрылымын кеңейтіп, оқушы орындарына деген сұранысты азайтуға мүмкіндік береді.
Үш блоктан тұратын ғимараттың жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Білім ордасы қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи талаптарына сай жобаланып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Оқу кеңістігін ұйымдастыру кезінде әр жастағы баланың білім алу және еркін қозғалу ерекшелігі ескерілген.

Аймақ басшысы биыл Шығыс Қазақстан облысында 10 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттағанын айтты. Солардың 60-тан астамы «Шаңырақ» мектеп-гимназиясына қабылданды. Нұрымбет Сақтағанов жаңа білім ордасының болашақта білім мен инновацияның көшін бастайтын іргелі мекемеге айналарына сенім білдірді.
– Жаңа оқу жылында шекаралық аймақ саналатын Марқакөл ауданында, жаңадан құрылған Самар ауданында және өндірісі қуатты Риддер қаласында үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. 600 орындық заманауи «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелейтін іргелі білім ордасына айналсын. Жаңа оқу жылы құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Мектепте 5-11 сынып оқушыларына арналған кең кабинеттер мен мамандандырылған шеберханалар жасақталған. Заманауи кітапхана мен ресурстық орталық балалардың қосымша ізденуіне және білімін тереңдетуіне жағдай жасайды. Бастауыш сыныптарға арналған оқу аймағы ғимараттың өзге бөлігінен толық оқшауланып, қауіпсіз орта қағидатымен жабдықталған.
Мектеп көпфункционалды спорт алаңына ие
Оқушылардың дене шынықтыруымен айналысуы үшін үлкен және кіші спорт залдары қарастырылған. Мәдени, шығармашылық және тәрбиелік іс-шаралар 135 орындық акт залында өтеді. Ғимаратта толыққанды медициналық блок, логопед пен психолог кабинеттері де жұмыс істейді.
Балалардың сапалы әрі құнарлы тамақтануына ерекше мән берілген. Мектеп асханасы тағам әзірлеуге және оқушыларға қызмет көрсетуге арналған заманауи жабдықпен қамтылған. Кең әрі жайлы асхана санитарлық және қауіпсіздік талаптарына сәйкес жасақталған.
Білім ордасының іргелес аумағы көпфункционалды спорт және ойын кеңістігіне айналды. Мұнда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, ұзындығы 250 метр болатын кәсіби жүгіру жолағы салынған. Әртүрлі жастағы балалар үшін қауіпсіз ойын және тынығу аймақтары да жабдықталды.

Жаңа мектеп Риддердегі оқушыларға қолайлы әрі технологиялық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кең кабинеттер, шығармашылық шеберханалар және заманауи спорт инфрақұрылымы баланың жан-жақты дамуына бағытталған. «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының ашылуы өндірісті қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартудың маңызды қадамына айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







