1 қыркүйек күні Жетісу облысында екі жаңа мектеп ашылып, күрделі жөндеуден өткен тағы екі білім ошағы пайдалануға берілді. Соның бірі Текелі қаласына қарасты Рудничный ауылында қайтарылған активтер есебінен салынған 200 орындық жаңа мектеп болды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Рудничный ауылындағы №7 мектептің ашылу салтанатына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты. Бір жыл бұрын өңір басшысы мен Бас прокурор Берік Асылов білім ошағының іргетасына «Уақыт капсуласын» салған еді. Арада бір жыл өткенде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры қаржыландырған нысан оқушыларға есігін ашты.
Ауыл тұрғындарын құттықтаған Бейбіт Исабаев адами капиталды дамыту мен білім саласын қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы екенін атап өтті. Президент ұсынған кітап оқитын, сапалы ұлт қалыптастыру идеясы білімге, ғылымға ұмтылған әрі қоғамдық мәдениеті жоғары ұрпақ тәрбиелеуден басталатынын айтты. Сол мақсатта өңір мектептерін жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.

– Облыс құрылғаннан бері 24 білім беру нысаны жаңадан салынып, 27 нысан күрделі жөндеуден өтті. Жастардың сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз. Жаңа мектеп ауыл баласының қабілетін ашып, үлкен өмірге жолдама беретін білім ордасына айналуға тиіс, – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиында облыс прокуроры Бауыржан Жұмақанов та сөз сөйледі. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қайтарылған активтерді халық игілігіне пайдалану жөніндегі тапсырмасы Бас прокуратураның бақылауымен орындалып жатыр. Рудничныйдағы мектеп сол жұмыстың ауыл тұрғындары сезінетін нақты нәтижесіне айналды.
– Қайтарылған қаражаттың әлеуметтік маңызы жоғары нысандар құрылысына бағытталуы ел игілігіне қызмет етеді. Жаңа мектеп балалардың сапалы білім алуына кең мүмкіндік береді. Осындай жобалардың жүзеге асуы мемлекет мүлкінің халыққа қайтарылып жатқанын көрсетеді, – деді Бауыржан Жұмақанов.
Мектептің символдық кілті табысталғаннан кейін жаңа ғимараттың лентасы қиылды. Қонақтар оқу кабинеттерін, шығармашылық және спорттық кеңістіктерді аралап көрді. Заманауи жабдықталған мектеп ауылдағы білім беру жағдайын түбегейлі өзгертпек.
Мектеп директоры Әсел Жақсыбаеваның айтуынша, білім ордасы 200 оқушыға арналған. Ғимарат жанынан 30 тәрбиеленушіні қабылдайтын шағын орталық та ашылған. Жаңа оқу жылында мұнда 145 оқушы білім алып, 38 педагог еңбек етеді.
Мектепте асхана, акт залы және қажетті пән кабинеттері қарастырылған. Физика, химия мен биология сабақтарына арналған зертханалар және цифрлық форматтағы мультимедиалық кабинет жабдықталған. Оқушылардың еңбекке бейімін дамыту үшін арнайы шеберханалар да ашылды.
Жаңа ұжым қатарына жоғары оқу орнын биыл ғана аяқтаған жас маман Балнұр Отарбай қосылды. Ол Семейдегі Шәкәрім университетін бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметіне кіріскен. Жас педагогке 7-сыныптың жетекшілігі де сеніп тапсырылды.
– Еңбек жолымды жаңа мектепте бастап жатқаныма қуаныштымын. Оқушыларға терең білім беріп, олардың зейінін ашуға бар күшімді саламын. Мектептің қалыптасуына өз еңбегімді сіңіргім келеді, – деді Балнұр Отарбай.
Оқушыларды жаңа технологияға арналған кабинеттер қызықтырды
Жаңа ғимараттың ашылуын ауыл ата-аналары көптен күткен. Бұрынғы мектеп қыста суық болып, кейде балалар сырт киіммен отыруға мәжбүр болған. Енді оқушылар жылы әрі қауіпсіз ғимаратта заманауи жабдықтарды пайдаланып білім алады.
Көпбалалы ана Айнұр Жақияның бес баласы Рудничный ауылындағы мектепте оқыған. Үлкен қызы мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, қазір жоғары оқу орнында физика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп жүр. Қалған төрт баласы жаңа оқу жылын су жаңа ғимаратта бастады.
– Бұрынғы мектепте балалар қыста сырт киіммен отыратын. Жаңа ғимаратта сапалы білім алуға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ауылымызға осындай мектеп салып берген азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Айнұр Жақия.

Оқушыларды әсіресе жаңа технологияға арналған кабинеттер қызықтырды. Бұрын Рудничный мектебінде робототехникамен жүйелі айналысуға мүмкіндік болмаған. Жаңа білім ордасында осы бағытқа арналған жеке кабинет ашылып отыр.
10-сынып оқушысы Мирас Нұршатұлы робототехникаға ерекше қызығатынын айтты. Ол сыныптастарымен бірге түрлі робот құрастырып, бағдарламалау негіздерін меңгеруді жоспарлап жүр. Оқушының пікірінше, жаңа кабинет ақпараттық технология саласының алғашқы әліппесін мектеп қабырғасында үйренуге жол ашады.
Білім күнінде Рудничныйдағы №7 мектеппен қатар Панфилов ауданының Сүптай ауылындағы орта мектеп те ашылды. Көксу ауданы Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы мектеп пен Ескелді ауданы Елтай ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп күрделі жөндеуден кейін оқушыларын қабылдады. Осылайша жаңа оқу жылы өңірдегі төрт елді мекен үшін жаңарған білім кеңістігінен басталды.
Жетісу облысы құрылғаннан бері әлеуметтік нысандардың жаңартылу деңгейі 55,8 пайызға жеткен. 2022 жылы өңірде бейімделген ғимаратта орналасқан 75 мектеп болса, қазір олардың саны 37-ге дейін азайды. Жаңа құрылыс пен күрделі жөндеу ауыл мен қала мектебі арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартуға бағытталған.
Қайтарылған активтер есебінен Жетісу облысында жалпы саны 29 нысан салынып жатыр. Соның төртеуі мектеп болса, қалған жобалар денсаулық сақтау және су шаруашылығы салаларын қамтиды. Рудничныйдағы білім ордасы мемлекетке қайтарылған қаражаттың ауыл баласына жаңа мүмкіндік болып оралғанын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







