Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан бастамашы болған «Планетаны көгалдандырудың халықаралық күні» қарарын қабылдады. Енді 22 сәуір бүкіл әлемде табиғатты қалпына келтіру мен жасыл желекті көбейтуге арналған халықаралық күн ретінде аталып өтеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы жалпы пікірталас кезінде ұсынған еді. Мемлекет басшысы экологиялық дағдарыс ұлттық шекарамен шектелмейтінін айтып, елдерді ортақ іс-қимылға шақырды. Арада бір жыл өтпей ұсыныс халықаралық құжат мәртебесіне ие болды.
Қарарға әлемнің әр өңірінен 32 мемлекет тең автор ретінде қосылды. Географиялық ауқымы кең қолдау бастаманың жекелеген елдер тобына ғана арналмағанын аңғартады. Қазақстан ұсынған экологиялық күн тәртібі әртүрлі саяси және экономикалық жүйедегі мемлекеттерді ортақ мақсат төңірегіне жинады.
Құжат қоршаған ортаны қорғау, бүлінген экожүйелерді қалпына келтіру және жасыл желек көлемін ұлғайтуға бағытталған. Халықаралық күн қоғамның табиғатты көгалдандырудың маңызы жөніндегі хабардарлығын арттыруға ықпал етпек. Сонымен бірге экологиялық жауапкершілікті күнделікті қоғамдық мәдениеттің бір бөлігіне айналдыру көзделген.
БҰҰ қарары мемлекеттерді, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды тиісті бастамалар өткізуге үндейді. Оған ағаш отырғызу, орманды қалпына келтіру, елді мекендерді абаттандыру және экологиялық ағарту шаралары енуі мүмкін. Осылайша 22 сәуір символдық дата шеңберінен шығып, практикалық әрекетке жұмылдыратын жаһандық алаңға айналмақ.
Таңдалған күннің де айрықша мәні бар. 22 сәуір әлемде Жер күні ретінде белгілі болғандықтан, жаңа бастама қалыптасқан экологиялық күн тәртібін нақты көгалдандыру жұмыстарымен толықтырады. Табиғатты қорғау идеясы енді ағаш отырғызу мен экожүйені қалпына келтіруге бағытталған ортақ іс арқылы бекітіледі.
Халықаралық бастама Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясымен үндеседі. Бағдарлама аумақтарды абаттандырумен қатар, азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Ел ішіндегі экологиялық тәжірибенің БҰҰ деңгейіндегі бастамаға ұласуы ұлттық жобаның сыртқы саяси мазмұнын кеңейтті.
Қарардың қабылдануы Қазақстанның экологиялық дипломатиядағы рөлін күшейтеді. Ел бұған дейін ядролық қарусыздану, су қауіпсіздігі және орнықты даму мәселесін халықаралық мінберлерде тұрақты көтеріп келді. Планетаны көгалдандыру күні осы бастамалардың табиғи жалғасына айналды.
Қазақстан үшін аталған шешім дипломатиялық жетістікпен қатар, қосымша жауапкершілік жүктейді. Халықаралық бастаманың беделі ел ішіндегі орманды қалпына келтіру, қалаларды көгалдандыру және экологиялық тәртіпті орнықтыру нәтижесімен өлшенеді. Ұсыныс пен нақты істің сабақтастығы сақталса, 22 сәуір Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібіне қосқан орнықты үлесіне айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







