Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа өзіне тағылған барлық айыпты толық мойындап, сыбайластарының әрекеттері туралы сотта жауап беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан сот отырысында айыпталушының жаңа қорғаушысы Мәди Әуекенов қорғау позициясының түбегейлі өзгергенін мәлімдеді. Адвокаттың сөзінше, Нүсіпқожа тергеу органдары таққан барлық құқық бұзушылықты мойындап, сотқа өз еркімен шын әрі дәйекті түрде түсінік беруді ұйғарған.
Тағылған айыптар мен адвокаттың мәлімдемесі
Қылмыстық іс материалдары бойынша мобилографқа алдын ала сөз байласу арқылы топ болып бөтеннің мүлкін ұрлау, ағаштарды заңсыз кесу және бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол құрылыс алаңдарынан материалдарды ұрлау мен Баум тоғайындағы ағаштарды заңсыз отау әрекеттерін әдейі сахналап, бейнежазбаға түсіруге және оны желіде таратуға қатысқан.
Адвокат Мәди Әуекенов сотта сөйлеген сөзінде қорғауындағы азаматтың бұдан былай ештеңені жасырмай, оқиғаның мән-жайын ашық айтуға бел буғанын жеткізді.
«Нүсіпқожа әрбір эпизодтың мән-жайын, соның ішінде өзінің жеке рөлін және қылмысқа қатысы бар өзге де адамдардың нақты әрекеттерін сотқа егжей-тегжейлі баяндап беруге дайын», – деді қорғаушы.
Адвокаттан бас тарту және бұлтартпау шарасы
Сот залында сөз алған Ұлан Нүсіпқожа қорғаушысының сөзін толық растады. Ол өз кінәсін мойындайтынын және істің мәні бойынша шынайы жауап беруге әзір екенін айтты.
Айыпталушы бұған дейін өзіне Санжар Боқаев жалдап берген адвокат Сергей Кимнің қызметінен ресми түрде бас тартқан болатын. Сондай-ақ сот процесі барысында денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты Нүсіпқожаға қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, ол тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберілген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







