Атырауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы таныстырылды. Мемлекеттілік, заң үстемдігі және ұлттық құндылықтар арқау болған жинақ өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының басшыларына табысталды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуге Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов жетекшілік етті. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, тарихшылар, философтар және әдебиеттанушылар қатысты. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен жастар да болды.
Жиында жинақтың мазмұны талқыланып, Мемлекет басшысының әр жылдары айтқан ой-тұжырымдарына назар аударылды. Қатысушылар сол пікірлердің қазіргі қоғамдық үдерістермен сабақтастығын саралады. Кітапта әр кезеңде көтерілген мәселелер бір идеялық арнаға тоғыстырылған.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері айтылған ойлар енгізілген. Олар Президенттің баяндамалары, мақалалары, сұхбаттары мен кітаптарынан іріктеліп алынған. Жинақ елдің саяси және рухани дамуына қатысты тұжырымдардың эволюциясын көрсетеді.

Еңбекте мемлекеттілікті нығайту, әділеттілік және заң үстемдігі мәселесі кеңінен қамтылған. Білім мен ғылым, тарихи сана, мәдениет, тіл, руханият және ұрпақ тәрбиесі де негізгі тақырыптардың қатарынан орын алған. Аталған бағыттар қоғамның институционалдық жаңғыруы мен азаматтық жауапкершіліктің ортақ желісіне біріктірілген.
Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кітаптың басты ерекшелігіне тоқталды. Оның пікірінше, жинақ Президенттің әр жылдары айтқан ойлары арасындағы мазмұндық сабақтастықты айқын көрсетеді. Жастарға арналған тұжырымдардың қамтылуы еңбектің тәрбиелік маңызын арттырады.
Мұрат Өтешов елдің ұзақмерзімді дамуы жас буынның сапасына байланысты екенін айтты. Қазақстанға білімді, еңбекқор және жауапкершілігі жоғары азаматтар қажет. Сондықтан жинақтағы ойлар жастарды қоғамдық іске араласып, мемлекет болашағына саналы үлес қосуға үндейді.
Мәдени кодты сақтау өткенді дәріптеумен шектелмейді
Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әлия Дәулетбаева мәдениет пен ұлттық құндылық мәселесіне назар аударды. Ол кітапты адам сапасын көтеруге және қоғамдық ортаны сауықтыруға бағытталған еңбек деп бағалады. Мемлекет басшысының ұлттық мәдени кодты сақтауға ерекше мән беретінін де атап өтті.
«Ұлттың болмысын айқындайтын тіл, әдебиет, тарих, дәстүр мен мәдениет қоғамның рухани тірегі саналады. Сондықтан елдің жаңғыруы ұлттық құндылықтардан ажырамауға тиіс. Мәдениеті жоғары, тарихи санасы қалыптасқан азамат қана қоғамның сапалы дамуына үлес қоса алады», – деді Әлия Дәулетбаева.

Оның айтуынша, ұлттық мәдени кодты сақтау өткенді дәріптеумен шектелмейді. Тарихи мұраны заман талабына сай жаңғыртып, кейінгі буынға түсінікті тілмен жеткізу қажет. Кітаптағы мәдениетке қатысты ойлар жастардың ұлттық санасын қалыптастыруға және рухани құндылықты дәріптеуге қызмет етеді.
Басқосуда Атырау облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Нұрлан Қайрденов те пікір білдірді. «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлы кітапта көтерілген мәселелердің жас буын үшін маңызын атап өтті. Талқылауда әділетті қоғам құру азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатыны айтылды.
Жиын соңында «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы облыстағы жастар ресурстық орталықтарының басшыларына табысталды. Енді кітаптағы тұжырымдарды жастар ортасында талқылап, ағартушылық кездесулерде пайдалану көзделеді. Осылайша саяси-философиялық еңбек өңір жастарының ойталқысына ұсынылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







