Абай облысында күзгі жиын-терім науқаны жоспарға сай жүріп, дәнді және майлы дақылдардан 820,3 мың тонна өнім алу болжанып отыр. Облыс әкімі Берік Уәли егінді агротехникалық мерзімде жинап, шаруаларды жанармаймен уақтылы қамтуды және еңбек қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Күзгі науқан мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселесі облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды. Оған облыстық басқармалар, өңірлік департаменттер мен жауапты мекемелердің жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері жиынға бейнережим арқылы қосылды.
Биыл облыста 790,9 мың гектар алқаптың өнімі жиналуы керек. Оның 368,7 мың гектары майлы, 275,6 мың гектары дәнді, 11 мың гектары картоп пен көкөніс-бақша және 135,6 мың гектары жем-шөп дақылдарына тиесілі. Егісті әртараптандыру тапсырмасына сәйкес бидай көлемі 22,5 мың гектарға қысқарып, майлы дақыл алқабы 29,3 мың гектарға ұлғайған.
3 қыркүйектегі мәлімет бойынша 129,7 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл жоспарланған алқаптың 47,1 пайызын құрайды. Барлығы 136,4 мың тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 10,5 центнер болды.
Шаруалар 1,4 мың гектардан 29,8 мың тонна картоп жинады. Тағы 2,3 мың гектардан 59,3 мың тонна көкөніс пен бақша өнімі алынды. Қысқы мал азығына 888,7 мың тонна шөп, 16,5 мың тонна пішендеме, 13,1 мың тонна сүрлем, 32,1 мың тонна сабан және 35,8 мың тонна шоғырланған жем дайындалды.
Облыста сыйымдылығы 173 мың тонна болатын үш лицензияланған элеватор жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қоймалары тағы 870,9 мың тонна астықты қабылдай алады. Қолда бар инфрақұрылым болжамды өнімнің барлығын сақтауға жеткілікті деп бағаланып отыр.
Дизель отынының жеткізілуі тұрақты бақылауда
Биыл дәнді дақылдардың жалпы түсімі 289,4 мың тонна болады деп күтіледі. Майлы дақылдар бойынша болжам 530,9 мың тоннаға жетіп отыр. Күзгі жұмыстарға 21 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Науқанға 4 мың трактор, 2,4 мың комбайн және 700 орақ тартылған. Даладағы техниканың жалпы саны 7 мың бірлікті құрайды. Биыл шаруалар 361 заманауи техника сатып алып, машина-трактор паркін жаңарту көрсеткішін 4,1 пайызға жеткізді.
Берік Уәли егін жинау қарқыны төмен аудандардағы жағдайды жеке талдауды тапсырды. Техникасы жеткілікті шаруашылықтардан қажетті аудандарға көмек ұйымдастырылып, дизель отынының жеткізілуі тұрақты бақылауда болуы керек. Өнімді сақтау мен өткізу мәселесі де жиын-терім аяқталғанға дейін шешілуге тиіс.
Кеңесте еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктері де қаралды. Жыл басынан бері 22 кәсіпорында кәсіптік тәуекел бағаланып, еңбек жағдайына аттестаттау жүргізілген. Есепті кезеңде 3426 жұмыс беруші қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасты.
Облыс әкімі жұмыс берушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтауын қатаң бақылауға алуды міндеттеді. Кәсіптік тәуекелдің алдын алу, қызметкерлерді оқыту және міндетті сақтандырумен толық қамту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Еңбек шарттарын бірыңғай жүйеге енгізу де жұмыскер құқығын қорғаудың негізгі тетігі ретінде белгіленді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







