Маңғыстау облысының Қарақия ауданында жалпы құны 1 млрд доллар болатын алып көпфункционалды порттық-логистикалық хаб салынбақ. Жаңа теңіз қақпасы өңірдің транзиттік мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстанның Орта дәліздегі орнын күшейтуге бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстаудың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапары кезінде порт салынатын аумаққа барып, жобалау-зерттеу жұмыстарының барысымен танысты. Ол жобаны қолға алған қытайлық Guo You Resources Group компаниясының өкілдерімен алдағы міндеттерді талқылады.
Каспий теңізінің шығыс жағалауынан бой көтеретін хабтың бірінші кезеңіне 300 млн доллар инвестиция салынады. Осы қаражат есебінен порт инфрақұрылымы, айлақ кешені, контейнерлік және қойма терминалдары салынады. Жобаға теміржол мен автомобиль жолдарын тарту да жоспарланған.
Алғашқы кезеңде порттың жылдық өткізу қабілеті 6-15 млн тоннаға жетеді деп болжанып отыр. Кейін жүк айналымын жылына 25 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Мұндай қуат жаңа портты Каспий маңындағы ірі логистикалық тораптардың біріне айналдыруы мүмкін.

Жоба аясында жеті айлақ пен ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын толқын тосқауыл салынады. Бұған қоса жалпы ұзындығы 7,5 шақырым теміржол желісі, RO-RO терминалы және теміржол паромдарына арналған инфрақұрылым тартылады. Хаб құрамында кеме жасау және кеме жөндеу кешені де жұмыс істейді.
Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың Қазақстанды Еуразиядағы негізгі көлік торабына айналдыру ісінде стратегиялық орны бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қарақиядағы жаңа порт Орта дәліздің мүмкіндігін тиімді пайдалануға және өңір экономикасына қосымша серпін беруге тиіс. Әкім инвестормен бірлескен жұмыста құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына басымдық беруді тапсырды.
Жоба толық іске қосылғанда 600-800 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазақстандық техникалық мамандарды даярлап, порт қызметін кезең-кезеңімен жергілікті кадрларға беру жоспарланып отыр. Осы талап инвестицияның өңірге тек жүк ағынын ғана емес, жаңа кәсіби мүмкіндіктер де әкелуіне жол ашады.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға инвестормен жұмысты жеделдетіп, құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Жобаның экономикалық тиімділігі, жергілікті қамту үлесі және жаңа жұмыс орындарының сапасы назарда болмақ. Мәліметті Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі таратты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







