Алматыда 2026 жылға жоспарланған жұмыс орындарының саны қыркүйек басталмай жатып межеден асып түсті. 1 қыркүйектегі есеп бойынша қалада 53 026 жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 103,4 пайызға орындалды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жылдың екінші тоқсанында Алматыдағы жұмыс күшінің саны 1 млн 217,5 мың адамға жеткен. Көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 43 мың адамға артты. Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығындағы белсенділік сақталғанын хабарлады.
Жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 1 млн 164 мың адамды құрады. Бір жыл ішінде көрсеткіш 41,7 мың адамға көбейген. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайыз болып, республикалық орташа көрсеткіштен төмен сақталды.
Жыл басынан бері Еңбек мобильділігі орталығына 54 044 адам өтініш білдірген. Олардың 43 942-сі жұмыссыз ретінде ресми тіркелді. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шарасына 42 766 адам қатысты.
Тұрақты жұмысқа 8 755 алматылық орналасты. Тағы 5 613 адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жолдама алды. Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі қоғамдық жұмыс пен жас ерекшелігіне арналған жобаларға тартылды.
Қоғамдық жұмыстарға 4 150 адам жіберілді. «Күміс жас» жобасына 614, ал «Алтын жас» бағдарламасына 362 азамат қатысты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 305 адам орналасып, жастар практикасына 182 түлек жолданды.
Кәсіптік бағдар беру маңызды
Қалада кәсіптік оқыту мен еңбек дағдысын жетілдіруге де басымдық беріліп отыр. Биыл 538 адам кәсіптік оқудан өтсе, соның 451-і мамандықты тікелей жұмыс орнында меңгерді. Enbek.kz платформасы арқылы тағы 2 215 азамат жаңа дағды игерді.
«Бастау Бизнес» жобасындағы оқу курсын 1 538 адам аяқтады. Кәсіптік бағдар беру шарасы 23 922 тұрғынды қамтыды. Мұндай бағдарламалар жұмыс іздеушіні бос орынға орналастырумен қатар, еңбек нарығы қажет ететін мамандыққа бейімдеуді көздейді.
Кәсіп бастауға ниетті алматылықтарға қайтарымсыз грант беріліп жатыр. Жыл басынан бері 165 азаматқа 400 АЕК немесе 1,73 млн теңгеге дейінгі қаржылай қолдау көрсетілді. Берілген гранттардың жалпы көлемі 285,1 млн теңгеге жетті.
Алматыда 2026 жылы 51 270 жұмыс орнын құру жоспарланған еді. Соның 45 399-ы тұрақты жұмыс орны болуы керек болатын. Қыркүйектің басында жалпы жоспар 103,4 пайызға орындалып, белгіленген меже мерзімінен бұрын еңсерілді.
Құрылған жұмыс орындарының 47 441-і тұрақты сипатқа ие. Осылайша тұрақты жұмыс орындары бойынша жоспар 104,5 пайызға орындалды. Бос жұмыс орындарына нақты орналастырылған азаматтардың саны 8 775 адамды құрады.
Көрсеткіштер Алматының еңбек нарығы сан жағынан кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Ендігі маңызды мәселе құрылған орындардың тұрақтылығы, жалақы деңгейі және еңбек жағдайының сапасына тіреледі. Жоспардан асқан сан тұрғындардың табысына айналғанда ғана жұмыспен қамту саясатының нақты нәтижесі көрінеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







