Қаратал өзенінің жағасында қолына қап пен қолғап ұстаған жастар табиғатқа деген жанашырлықтың сөзбен шектелмейтінін көрсетті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясындағы «Taza Ozen» акциясы өзен маңын тазартумен қатар, экологиялық жауапкершілікті күнделікті дағдыға айналдыруды көздеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Акцияға жастар, еріктілер және қала тұрғындары белсенді қатысты. Олар жағалаудағы белгіленген аумақтарды қоқыстан тазартып, жиналған қалдықтарды сұрыптады. Ортақ еңбек табиғи аймақтың тазалығы әр адамның әрекетіне тікелей байланысты екенін аңғартты.
Іс-шара барысында қатысушыларға қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және дұрыс кәдеге жарату тәртібі түсіндірілді. Мамандар табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мен қоқысты азайтудың қарапайым тәсілдеріне тоқталды. Өйткені өзен жағасына тасталған бір бөтелке табиғат үшін ұсақ-түйек саналмайды.
«Қазақстан студенттерінің альянсы» ұйымының Жетісу облысы бойынша омбудсмені А. Қызайбай табиғатты қорғау баршаға ортақ міндет екенін айтты. Оның сөзінше, қоқысты дұрыс сұрыптау күнделікті әдетке айналғанда ғана қоршаған ортадағы нақты өзгеріс байқалады. «Тазалық акция кезінде басталып, адамның өз үйі мен ауласында жалғасуы керек», – деді ол.
Бағдарлама экологиялық квестпен жалғасты. Командалар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қалдықтарды сұрыптау тақырыбындағы тапсырмаларды орындады. Таным мен тапқырлық сыналған сайыс тазалық мәселесін жастарға түсінікті әрі қызықты форматта жеткізді.
Квест қорытындысында үздік командалар анықталды. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар диплом, алғыс хат және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар «Таза Жетісу – таза болашақ» қағидатын қоғам санасына орнықтыруға басымдық берді.
Акция нәтижесінде Қаратал өзенінің жағалауындағы аумақ қоқыстан тазартылды. Алайда мұндай бастаманың шынайы нәтижесі жиналған қоқыстың көлемімен ғана өлшенбейді. Негізгі меже – табиғатты аялауды науқандық міндеттен тұрақты азаматтық мәдениетке айналдыру.
«Судың да сұрауы бар» деген халық даналығы табиғи байлыққа бейжай қарамауға үндейді. Қаратал жағасындағы ортақ еңбек жастардың экологиялық белсенділігін күшейтіп, қала тұрғындарын қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Өзеннің тазалығы бір күндік акцияға емес, әр адамның күнделікті таңдауы мен тәртібіне байланысты.
Кілтсөздер: Қаратал өзені, Taza Ozen, Таза Қазақстан, экологиялық акция, жастар, қалдықтарды сұрыптау, Таза Жетісу
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







