Жетісу облысының Кербұлақ ауданында тозығы жеткен баспаналар түйткілі кезең-кезеңімен еңсеріліп келеді. Өңір дербес облыс болып қайта құрылғаннан бері аудан орталығы Сарыөзек ауылында апатты жағдайдағы үйлерде тұрып келген азаматтарға 120 жаңа пәтер кілті табысталды. Қазір тағы бір 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мәресіне таяп қалды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тозған үйлердің орнына – жаңа пәтерлер
Сарыөзек ауылындағы Тұрар Рысқұлов және Әл-Фараби көшелерінің бойында 1960–1970 жылдары бой көтерген тұрғын үйлер бар. Бұл ескі ғимараттар әбден тозып, құзырлы мамандардың тексеруінен кейін ресми түрде апатты деп танылған еді. Онда барлығы 240 отбасы тұрып жатқан болатын. Жергілікті билік тұрғындарды қауіпсіз әрі қолайлы баспанамен қамту үшін 2024 жылдан бері жүйелі шараларды қолға алды.
Аймақ басшысы Бейбіт Исабаев Сарыөзектегі апатты үйлер мәселесін түпкілікті реттеу жұмыстары жоспарға сай орындалып жатқанын жеткізді.
«Апатты үйлердің тұрғындарына 2024 жылы бір 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Жуырда жаңа 60 пәтерлі үйден пәтерлер кілті үлестірілді. Жыл соңына дейін тағы бір 60 пәтерлі үйдің құрылысы толық аяқталады. Осылайша Сарыөзектегі апатты үйлер мәселесін түбегейлі шештік деп айта аламыз», – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Әлеуметтік санаттағы отбасыларға кешенді қолдау
Мемлекет тарапынан көпқабатты тұрғын үйлер салумен бірге жеке баспана беру ісі де қатар жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда аудан бойынша сатып алынған 127 жеке тұрғын үй кезек ретіне сәйкес үлестірілуде. Қазіргі уақытта оның 80-і өз иелерін тапты.
Мұнымен қатар әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар үшін қосымша 157 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін тәмәмдалып, келесі жылы кезекте тұрған отбасылар қоныс тойын тойлайды деп көзделген.
Жуырда жаңа қонысқа қол жеткізген тұрғындардың бірі – төрт бала өсіріп отырған көпбалалы ана Мәдина Досан. Ол ұзақ уақыт бойы күткен пәтеріне ие болғанына ризашылығын білдірді.
«Бұған дейін тұрған үйіміз апатты деп танылған соң кезекке тұрған едік. Міне, жуырда көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік. Жолдасым екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз, жаңа кешеннен кең әрі жайлы үш бөлмелі пәтер берілді. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш болды», – деді ауыл тұрғыны Мәдина Досан.
Өңірдегі тұрғын үй бағдарламаларының қарқыны
Сарыөзектегі құрылыс қарқыны бүкіл өңірде жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй саясатының маңызды бөлшегі саналады. Жетісу облысы бойынша тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және баспана тапшылығын азайту бағытындағы жұмыстар барлық аудан мен қалада кешенді түрде ұйымдастырылған.
Ресми мәліметтерге сәйкес, жыл соңына дейін Жетісу өңірінде жалпы саны 4600 отбасы жаңа пәтерлермен және жеке баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл көрсеткіш аймақтағы баспана кезегін едәуір қысқартуға септігін тигізбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







