Елорда жұртшылығы Дүниежүзілік тазалық күнін сенбілікпен ғана емес, қаланың жасыл қорын көбейтумен атап өтті. «Таза Қазақстан» бастамасы мен World Cleanup Day аясында Алматы ауданында жалпы қалалық экологиялық акция ұйымдастырылды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Тазалық жұмысына ауданның белсенді тұрғындары, Ардагерлер кеңесінің өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Олар қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Негізгі мақсат қаланың тазалығын сақтап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру болды.
Акция Қайрат Рысқұлбеков, Бейімбет Майлин, Александр Петров көшелерінде, Абылай хан даңғылы мен «Триатлон» саябағында өтті. Қатысушылар саябақтарды, гүлзарларды, аулалар мен өзге де қоғамдық аумақтарды ретке келтірді. Аудан көлемінде 350-ге жуық ағаш отырғызылды.

Сонымен бірге ортақ кеңістікке ұқыпты қарау тұрғындардың күнделікті дағдысына айналуға тиіс. 19 қыркүйекте World Cleanup Day аясындағы экологиялық акция Астананың барлық ауданында өтіп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







