Бүгін Талдықорғанда Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың атынан жиналғандарды оның орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбектің мәртебесін арттыруға қатысты ұстанымына тоқталды. Жетісудың экономикалық әлеуетін нығайтып жүрген азаматтардың еңбегі өңір дамуының берік негізі екенін атап өтті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адал әрі табанды еңбегімен жетістікке жеткен адамдар әрдайым құрмет пен қошеметке ие болуы керек. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар», – деп атап өткен болатын. Бүгін біз күнделікті еңбегімен облыстың дамуына үлес қосып жүрген жандарға бірге құрмет көрсетеміз», – деді Марлен Көлбаев.
Салтанатты рәсімде экономика мен әлеуметтік саланың түрлі бағытында 20-50 жыл еңбек еткен мамандар марапатталды. Олардың кәсіби жолы тұтас бір саланың қалыптасуы мен бірнеше буын маманның тәрбиеленуіне ұласқан. Марапат иелерінің арасында ауыл шаруашылығы, ветеринария, құрылыс, спорт, азаматтық қорғау және қоғамдық қауіпсіздік саласының өкілдері болды.
Жиында «Еңбек жолы» өңірлік конкурсының жеңімпаздары да таныстырылды. Байқау еңбек дәстүрін сақтаған әулеттерді, жастарға бағыт көрсеткен тәжірибелі тәлімгерлерді және өндірістегі үздік жас мамандарды анықтауға арналған. Үш номинацияның әрқайсысы кәсіби шеберлік пен ұрпақтар сабақтастығының өзіндік үлгісін көрсетті.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясында Қожахметовтер отбасы жеңімпаз атанды. Әулеттің бірнеше буыны өмірін спорт саласына арнап, отандық спорттың дамуына елеулі үлес қосқан. Отбасының кәсіби жолы жаттықтырушылық тәжірибеден Олимпиада ойындарына дейін жалғасып отыр.
Әулет басшысы Болат Қожахметов спорт саласында 41 жылдан бері еңбек етеді. Ол жоғары санатты жаттықтырушы, халықаралық төреші және самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Жұбайы Күлнардың да спорт саласындағы еңбек өтілі 39 жылға жеткен.
Қожахметовтер әулетінің қыздары Айман мен Шолпан Лондон және Токио Олимпиада ойындарына қатысты. Екеуі де халықаралық дәрежедегі спорт шебері және Азия чемпиондары. Бір шаңырақтағы осындай сабақтастық спорттың жай ғана кәсіптен отбасылық құндылыққа айналғанын аңғартады.
«Қай салада болмасын жетістікке жету үшін табандылық пен шыдамдылық қажет. Сонымен қатар әр істі соңына дейін меңгеруге ұмтылу керек», – деді Болат Қожахметов.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында Елтай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлмайра Қыдырбаева үздік деп танылды. Педагогтің білім беру саласындағы еңбек өтілі 24 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде ол 100-ден астам шәкірт тәрбиелеп, олардың білім жолындағы алғашқы қадамына бағыт берген.
Еңбек ардагерлеріне де ерекше алғыс
Тәлімгер еңбегінің маңызы сабақ түсіндірумен ғана өлшенбейді. Ұстаз баланың бойындағы қабілетті байқап, жауапкершілік пен білімге құштарлықты қалыптастырады. Гүлмайра Қыдырбаеваның марапаты бастауыш білім берудегі осындай ұзақ әрі көзге бірден байқала бермейтін еңбектің бағасы болды.

«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясын Текелі тау-кен байыту кешенінің жетекші инженері-жобалаушысы Мерей Дубеков жеңіп алды. Ол кәсіпорында төртінші жыл еңбек етіп, өндірістік жобаларды әзірлеуге қатысып келеді. Жас инженер кәсібилік пен жауапкершілікті өндірістің тұрақты дамуына ықпал ететін басты қасиеттер деп санайды.
«Еңбек ардагерлерімен қатар менің де еңбегімнің жоғары бағаланғаны, әрине, қуантады. Адал еңбек, кәсібилік, жауапкершілік, оған қоса ұрпақтар сабақтастығы арқылы Жетісудың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосамыз деп сенемін», – деді Мерей Дубеков.
Салтанатты шарада еңбек ардагерлеріне де ерекше алғыс айтылды. Бірқатар маман «Еңбек адамы» төсбелгісімен және «Әділет» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ардагерлер әріптестері мен жас мамандарға ізгі тілектерін жеткізіп, кәсіби жолда табандылық танытуға шақырды.
Марапатталғандардың арасында ауыл шаруашылығында 45 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан шаруа қожалығының басшысы Сүндетбай Есжанов та бар. Ол кәсібін небәрі үш сиырдан бастап, жылдар бойы мал басын көбейткен. Қазір шаруашылығында екі отар қой мен 50-60 ірі қара бар.
Жасы 70-ке таяғанына қарамастан, Сүндетбай Есжанов шаруашылық жұмысынан қол үзбеген. Мал күтімін күн мен түнге бөлмей атқарып, еңбектің берекесі тұрақтылық пен төзімге байланысты екенін айтады. Оның өмір жолы шағын бастаманың табанды еңбек арқылы іргелі кәсіпке айналатынын көрсетеді.
«Әрдайым еңбек етуден шаршамау керек. Қазір жасым 70-ке таяды, бірақ әлі де жұмыс істеп келемін, малдың күтімін күн-түн демей жасаймын. Еңбек етсең, жемісін жейсің. Ал адал еңбек етпей, береке кірмейді», – деді Сүндетбай Есжанов.
Мерекелік рәсім концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна төрінде марапат иелеріне арналып ән мен күй орындалды. Кеш түрлі буын өкілдерін еңбекке деген ортақ құрмет төңірегіне біріктірді.
Еңбек күніне арналған іс-шара бір кәсіпорынның немесе жеке мекеменің жетістігінің артында нақты адамдар тұрғанын тағы бір мәрте көрсетті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы инженердің жобасынан, ұстаздың сабағынан, дәрігердің жауапкершілігінен және шаруаның күнделікті тірлігінен құралады. Жетісуда марапатталған мамандардың жолы адал еңбектің адамға абырой, ал қоғамға береке әкелетінін аңғартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







