Абай облысының әкімі Берік Уәли Ақсуат ауданына «Қаладан ауылға» жобасы мен көші-қон бағдарламасы аясында қоныстанған отбасылардың тұрмысымен танысты. Жаңа тұрғындар мемлекеттік қолдауды пайдаланып, егіншілік, мал шаруашылығы және қызмет көрсету саласында кәсіп бастап жатыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы алдымен Құмкөл ауылындағы Мүтихан Жасұланның үйіне барды. Екі адамнан тұратын отбасы биыл ақпанда Алматы облысынан көшіп келіп, наурызда қоныс аударушылар квотасына енгізілген. Оларға жол шығынын өтеуге 605,5 мың теңге, экономикалық мобильділік сертификаты арқылы баспана алуға 4,5 млн теңгеден астам қаражат берілді.
Мүтихан Жасұлан қазір егіншілікпен айналысып, шаруашылығын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мемлекеттік қолдау отбасының баспана мәселесін шешіп, ауылда тұрақты кәсіп бастауына мүмкіндік берген. Қоныс аудару бағдарламасы осылайша адамды жаңа мекенге жеткізумен шектелмей, табыс көзін қалыптастыруға бағытталған.
Жер мен жеңіл несие кәсіптің ауқымын кеңейтті
Берік Уәли Алматыдан Құмкөлге көшкен Дархан Кітатовтың жеті адамнан тұратын отбасында да болды. Бағдарлама аясында оларға жол шығыны үшін 3 млн 242 мың 870 теңге, тұрғын үй сатып алуға 6 млн 485 мың 741 теңге төленген. Қазір отағасы ауыл шаруашылығымен айналысып, жеке кәсібін дамытып келеді.
Жергілікті әкімдік кәсіпкерге 10 гектар егістік жер бөлді. Қайтарылған жер есебінен тағы 10 гектар шабындық беру жоспарланған. Дархан Кітатов ағаш өңдеу ісіне 1 млн 730 мың теңге грант алып, «Ауыл аманаты» арқылы жылдық 2,5 пайызбен 32 млн теңге несие рәсімдеген.

Несие қаражатына сауын сиыр өсіруге арналған мал қорасы салынып жатыр. Кәсіпкер егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытуды көздейді. Оның тәжірибесі грант, жер және арзан несие бір арнаға тоғысқанда ауылда орнықты кәсіп құруға болатынын көрсетеді.
Қандас кәсіпкер Ақсуатта өндіріс ашуды жоспарлап отыр
Облыс әкімі Қытайдан Ақсуат ауылына көшіп келген Шеризат Озаттың отбасымен де кездесті. Үш адамнан тұратын жанұя жаңа қоныста кәсіпке ден қойып, 250 гектар жерге күнбағыс еккен. Қандас мал бордақылаумен қатар қызмет көрсету саласына да инвестиция салып жатыр.
Шеризат Озат Құмкөлдегі «Иманғажы» мейрамханасын сатып алып, нысанды жаңғыртуға кіріскен. Алдағы уақытта Ақсуатта жаңа мейрамхана мен тұрғындарға қажетті тауарлар ұсынылатын базар ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ жүгері мен күнбағыс алқабын кеңейтіп, тамшылатып суару жабдығын шығаратын зауыт салмақ ниетте.
Берік Уәли аудан және ауыл әкімдіктері көшіп келген отбасыларға несие мен грант рәсімдеуге жан-жақты көмектесетінін айтты. Оның сөзінше, ауылда кәсіп бастауға мүмкіндік мол, ал қоныс аударушылардың бастамасы жергілікті тұрғындарға үлгі бола алады. Өңір басшысы жаңа тұрғындарға сәттілік тілеп, жобаларды сүйемелдеуді тапсырды.
Қазір «Қаладан ауылға» жобасы бойынша Ақсуат ауданына 50 отбасы немесе 135 адам көшіп келген. Жалпы Абай облысына 506 отбасы, яғни 1635 адам қоныстанып, жоспар 101 пайыз орындалды. Олардың 671-і Семейден, тағы 964 адам өзге өңірлерден келген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







