Австралия ғалымдары зілзала мен ғимараттың құлауы кезінде үйінді астында қалған адамдарды іздеп, оларға дәрі жеткізе алатын киборг тарақандар әзірледі. «Параборг» аталған жәндік камера, навигациялық құрылғы және шағын инемен жабдықталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаны Квинсленд университетінің биоробот мамандары Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің медициналық инженерлерімен бірлесіп жүзеге асырған. Ғалымдар Солтүстік Квинслендте тіршілік ететін алып ін қазғыш тарақанды таңдады. Macropanesthia rhinoceros деп аталатын жәндіктің денесі камера мен дәрі енгізетін шағын құрылғыны көтеруге жеткілікті.
Тарақанның жүйке жүйесіне орнатылған электродтар операторға оның қозғалысын қашықтан бағыттауға мүмкіндік береді. Арқасындағы камера құтқарушыларға үйінді арасындағы жағдайды тікелей көрсетеді. Жәндік адам өте алмайтын тар саңылаулардан өтіп, зардап шегушінің орналасқан жерін анықтай алады.
Параборг нысанаға жеткен соң арқасындағы шағын инені қашықтан іске қосады. Ғалымдар технологияны жылан шаққан немесе ауыр аллергиялық реакцияға ұшыраған адамға шұғыл дәрі жеткізу үшін пайдалануды көздеп отыр. Медициналық шешімді жәндік өздігінен қабылдамайды, барлық әрекетті маман бақылап отырады.
Зертханалық сынақта тарақандар белгіленген бақылау нүктелеріне барлық жағдайда жеткен. Нысананы тауып, дұрыс орналасып, дәрі енгізуді қамтитын толық тапсырманың нәтижелілігі 72 пайыз болды. Тарақан нысанаға 15 сантиметрге дейін жақындағанда иненің дәл тию көрсеткіші 95 пайызға көтерілген.
Әзірге тәжірибе адамдарға жасалған жоқ. Инъекциялық жүйе зертханада силикон үлгілері мен шошқа терісінде сыналды. Нақты апат аумағында байланыс сигналының жоғалуы, күрделі бедер және дәріні қауіпсіз енгізу тәртібі әлі де зерттелуге тиіс.
Ғалымдар жәндіктерге құрал орнату кезінде оларды уақытша жансыздандыратынын айтады. Электродтар мен жеңіл жабдық алынып тасталғаннан кейін тарақандар қалыпты тіршілігін жалғастырады. Зерттеу тобы жәндіктердің өмір сүру ұзақтығы да қысқармайтынын мәлімдеді.
Жобаның келесі кезеңінде апат орнына әртүрлі міндет атқаратын параборгтар тобын жіберу қарастырылған. Бір бөлігі камера және қоршаған ортаны бақылайтын сенсор тасиды, өзгелері дәрі мен медициналық құрал жеткізеді. Зерттеушілер технологияны құтқарушылардың орнын басатын құрылғы емес, адам аяғы жетпейтін аймақта көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырады.
Мамандар киборг жәндіктерді нақты төтенше жағдайда қолдануға тағы 5-10 жыл қажет болуы мүмкін екенін болжайды. Алдымен басқару жүйесінің тұрақтылығы, дәрі енгізудің қауіпсіздігі және үйінді астындағы байланыс сапасы жетілдіріледі. Жоба сәтті аяқталса, жұрт жиіркенетін тарақан бір күні адам өмірін құтқаратын ең кішкентай парамедикке айналуы ықтимал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







