Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Қуандық Бишімбаевтың анасы Әлмира Нұрлыбекованың бұрынғы келіні Назым Қаһарманға қойған миллиондық талап арызы бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сот талап қоюшының арызын ішінара қанағаттандырып, Назым Қаһарманнан Әлмира Нұрлыбекованың пайдасына 6,6 миллион теңгеден астам қаражат өндіру туралы үкім шығарды.
Даудың мәні мен сенімгерлік басқару шарты
Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың қараша айында Әлмира Нұрлыбекова өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікті 2029 жылдың қазан айының соңына дейінгі мерзімге бұрынғы келініне сенімгерлік басқаруға тапсырған. Келісімшарт талаптары бойынша аталған нысан сенім білдірушінің, яғни Нұрлыбекованың мүддесі үшін пайдаланылуға тиіс болған.
Сотқа шағымданған Бишімбаевтың анасы Назым Қаһарманның нысанды жалға беру арқылы табыс тапқанын, алайда осыдан түскен қаржыны өзіне бермей, растайтын құжаттары бар толық есепті ұсынбағанын алға тартқан.
Сот отырысында талап қоюшы тарап міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін 14 миллион 74 мың теңге, сондай-ақ мемлекеттік баж ретінде төленген 247 мың теңге мен сот өкілінің қызметіне кеткен 800 мың теңгені өндіріп беруді сұраған еді.
Сот шешімі және өндірілген қаражат
Жауапкер Назым Қаһарман сот барысында талап арызбен келіспейтінін білдіріп, қойылған қаржылық талаптың негізсіз екенін мәлімдеген. Дегенмен сот ұсынылған қаржылық құжаттарды, жалға алушылардан түскен қаражат есебі мен жасалған төлемдерді зерттей келе, талапты ішінара мақұлдады.
«Сот шешімімен Әлмира Нұрлыбекованың «NazKa» жеке кәсіпкерлігіне соманы өндіріп алу туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Жауапкерден 6 665 391 теңге, мемлекеттік баж үшін 66 654 теңге және сот шығындары ретінде 666 539 теңге өндірілсін», – делінген сот актісінде.
Сот талаптың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартты. Төленетін қаражат көлемін есептеу кезінде тек жауапкердің қолына нақты түскен әрі сенімгерлік шартта көрсетілген шығындарға жұмсалмаған, ресми құжатпен толық дәлелденген сомалар ғана есепке алынған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







