Астанада 13-18 жас аралығындағы оқушыларға арналған Space Camp практикалық STEAM бағдарламасы басталады. Қатысушылар ракета мен планетоходтан бастап шағын спутникке дейін құрастырып, өз ғарыш миссиясын қорғайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Бағдарламаға алдын ала іріктеуден өткен 100-ден астам оқушы қатысады. Сабақ Қазақстандағы жеті Makerspace орталығында және Шымкенттегі мобильді шеберхананың көшпелі алаңында ұйымдастырылады. Әр команда инженерлік жобасын өз қолымен жасап, сынақтан өткізеді.
Space Camp «Мейкерспейс кеңейеді!» желісі аясында жүзеге асырылады. Бастаманы Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясы мен «Шеврон» компаниясы қолдап отыр. Жоба инженерлік ойлауды, командада жұмыс істеу қабілетін және ғылым мен технологияға қызығушылықты дамытуға бағытталған.
Қатысушылар ғарыш миссиясының толық циклімен танысады. Олар аппаратты ұшыру, түсіру, қауіпсіз қондыру, планета бетімен жүргізу және спутниктен дерек алу міндеттерін орындайды. Қарапайым тәжірибеден басталған жұмыс дайын миссияны таныстырумен аяқталады.
Ракета ұшырып планетоход жүргізеді
Бес практикалық күн ішінде оқушылар ракета жасау, аэродинамика және инженерлік жобалау негіздерін меңгереді. Олар тарту күші мен ұшу траекториясын есептеп, су ракетасы мен парашют құрастырады. Қону аппаратының беріктігі арнайы сынақ арқылы тексеріледі.
Келесі кезеңде жас инженерлер кедергілерден өте алатын планетоход жасайды. Шағын «спутникке» қоршаған орта туралы дерек жинайтын датчиктер орнатылады. Әр сынақтан кейін команда құрылғыдағы кемшілікті талдап, жобасын жетілдіреді.
«Жасөспірімдер ғарыш туралы оқып қана қоймай, оны өз қолымен құрастырғанын қалаймыз. Space Camp нақты инженерлік үдерісті үйретеді: құрастырасың, бұзасың, талдайсың және жақсартасың. Болашақ инженерлер мен ғалымдар дәл осылай қалыптасады», – деді бағдарлама менеджері Әділет Болатхан.
Space Camp мазмұны АҚШ-тың ғарышты зерттеу тәжірибесінен шабыт алған. Бағдарламада ай миссияларынан бастап заманауи марсоходтарға дейінгі инженерлік шешімдер қарастырылады. Алайда оқушылар дайын үлгіні қайталамай, өз идеясына негізделген шағын миссия әзірлейді.
Қатысу тегін орын саны шектеулі
Астанадағы Space Camp 2026 жылғы 12-16 қазан аралығында өтеді. Сабақ Пушкин көшесі, 11 мекенжайындағы Makerspace Astana орталығының 307-кабинетінде ұйымдастырылады. Бағдарламаға қатысу тегін, алайда орын саны шектеулі.
Тіркелу онлайн жүргізіледі: өтінім беру парағы. Іріктеуден өткен жасөспірімдер бес күн бойы шығармашылық, есеп шығару және бірлескен жұмыс дағдыларын ұштастырады. Соңында әр команда жасаған құрылғысын таныстырып, миссия барысында нені үйренгенін және нені жақсартқанын баяндайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







