Қазақстанда жоғары білімді әйелдердің үлесі ерлерден басым болғанымен, нәзікжандылар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жоғары болып қалып отыр. Ресми статистикаға сәйкес, әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,5 пайызды құраса, ерлерде 4,2 пайыздан аспайды. Мемлекет білікті маман даярлауға қыруар инвестиция құйғанымен, сәби дүниеге келгеннен кейін аналардың мансап жолы үзіліп, экономика дайын кәсіби кадрларынан айырылып жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Клаудия Голдин теориясы және декрет тосқауылы
Гендерлік теңсіздік пен әйелдердің еңбек нарығындағы орнын зерттеп, Нобель сыйлығын алған Клаудия Голдин табыс пен мансап арасындағы алшақтық ең алдымен отбасында бала өмірге келген соң күрт ұлғаятынын дәлелдеген. Ғалымдар мұны «ана болу жазасы» деп те атайды. Әйел адамдар көбіне бала күтіміне байланысты үзіліс алғандықтан, олардың жинақтаған тәжірибесі мен біліктілігіне қарамастан, карьералық жолы тежеледі.
EconomyKZ Research сарапшысы Эльвира Батурова отандық еңбек нарығындағы осы қайшылықты талдап, мәселенің түп-төркініне үңілді. Оның пайымдауынша, мемлекет алдымен қыздардың жоғары білім алуына, маман болып қалыптасуына жағдай жасайды да, олар ана атанған сәтте кәсіби алаңнан шығып қалуына бейжай қарайды. Сарапшы мәселені шешу тек мемлекеттік жәрдемақы төлеумен шектелмейтінін, мұнда адам капиталын сақтап қалудың кешенді тетіктері керектігін айтады.
– Баланың дүниеге келуі жоғалған мансаптың бағасына айналмауы тиіс, – деп жазды Эльвира Батурова.
Скандинавия елдерінің тәжірибесі
Дамыған мемлекеттер бұл түйткілді шешуде тек әлеуметтік төлемдерге ғана арқа сүйемейді. Мысалы, Скандинавия елдерінде аналардың кәсіби ортаға тез әрі кедергісіз оралуы үшін бірнеше маңызды тетік енгізілген:
Әкелерге арналған декреттік демалыс: Егер әкесі бала күтіміне бөлінген мерзімнің бір бөлігін алмаса, ол демалыс күйіп кетеді. Мұндай қадам жұмыс берушілердің «әйелдер декретке кетеді» деген күдігін сейілтіп, ерлер мен әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндігін теңестіреді.
Бөбекжайлардың (ясли) қолжетімділігі: Бала бір жасқа толғаннан бастап мемлекеттік сапалы әрі арзан күтім орындары қамтамасыз етіледі.
Икемді жұмыс кестесі: Жұмыс берушілер қашықтан жұмыс істеу немесе апталық сағатты ыңғайлы бөлу жүйесін заң жүзінде қолдайды.
Мұндай шаралар әйелге үй шаруасы мен сәби күтімін мансаппен қатар алып жүруге толық жағдай жасайды.
Қазақстан адам капиталын қалай сақтап қала алады?
Елімізде бала үш жасқа толғанға дейін мемлекеттік бөбекжайлардың тапшылығы аналардың жұмысқа қайта оралуына негізгі қолбайлау болып отыр. Үш жыл бойы жұмыстан қол үзген маманның кәсіби дағдылары ескіріп, бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Сонымен бірге, бала күтіміндегі әйелді қайта бейімдеу, біліктілігін арттыру курстарының жүйесі де жеткілікті дамымаған.
Экономика үшін дайын, білімі терең маманның үйде отырып қалуы – орасан зор шығын.
Сондықтан мемлекеттік саясатта әкелердің бала күтіміне белсенді қатысуын ынталандыру, жас аналар үшін икемді жұмыс орындарын құру және балабақша инфрақұрылымын ерте жастан дамыту басым бағытқа айналуы тиіс. Әйелдердің білімі мен тәжірибесі өндіріске қайта қосылғанда ғана елдегі адами әлеует толық қуатында жүзеге асады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







