Нью-Йорк прокурорлары Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты жаңа қылмыстық айыптарды жариялауға дайындалып жатыр. Тергеу органдары ерлі-зайыптыларды соңғы жылдары Венесуэла түрмелерінде отырған АҚШ азаматтарын негізсіз қамап, оларды азаптауға тікелей жауапты деп санайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саяси кепілге алу және азаптау деректері
Тергеуге жақын дереккөздердің мәліметінше, жаңа айыптау қорытындысы ресми түрде жақын арада ұсынылмақ. АҚШ билігі Мадуроның басқару кезеңінде оннан астам американдықтың заңсыз тұтқындалып, саяси мақсатта кепіл ретінде пайдаланылғанын алға тартады.
Венесуэла түрмелерінен босап шыққан АҚШ азаматтары тергеу барысында өздеріне көрсетілген қатыгездік туралы баяндаған.
Атап айтқанда, 2022 жылғы қазанда тұтқындар алмасу аясында босатылған Мэттью Хит пен Осман Хан сотқа берген шағымдарында сумен тұншықтыру, электр тоғымен соғу, психотроптық заттар беру және ұзақ уақыт бойы жалғыз адамдық камерада ұстау секілді қинау әдістеріне тап болғандарын көрсеткен.
АҚШ теңіз жаяу әскерінің ардагері Хит түрмедегі қысымға шыдамай, өзіне-өзі қол салуға дейін барған. Сондай-ақ тергеушілер азаптауларға қатысы бар басқа да шенеуніктерге айып тағуды қарастыруда.
Каракастағы ұстау және Нью-Йорктегі қамау
Николас Мадуро мен оның жұбайы биыл қаңтар айында Каракастағы президент сарайында америкалық әскерилердің арнайы операциясы нәтижесінде қолға түскен еді. Ерлі-зайыптылар өздеріне бұған дейін тағылған наркотерроризм жасау мақсатындағы астыртын сөз байласу және өзге де ауыр баптар бойынша кінәні мойындамады.
Қазір экс-президент пен жұбайы Нью-Йорктегі қатаң тәртіптегі мекемеде кепілсіз қамауда отыр. Адвокаттар Мадуроның денсаулығына байланысты шағымданып, соттан жеңілдік сұрауға тырысып жатыр.
Денсаулық жағдайы мен президенттік иммунитет дауы
Силия Флорестің қорғаушысы алдағы сот отырысында сот процесі басталғанға дейін оны денсаулық жағдайына байланысты үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішхат түсіруді жоспарлап отыр.
Мадуроның адвокаттары болса, бұрынғы мемлекет басшысын ұстау операциясының заңсыз болғанын мәлімдеп, оған президенттік иммунитет берілуі керек деп есептейді. Олардың уәжінше, айыптауда көрсетілген барлық оқиғалар экс-президенттің билік басында тұрған кезеңіне сәйкес келеді. Дегенмен айыптаушы тарап қазіргі Венесуэла үкіметі Мадуроға иммунитет беру талабын қолдап отырмағанын алға тартып, қылмыстық жауапкершіліктің бұлтартпас қағидатын алға тартуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







