«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы елдегі мұнай өндірісінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жалпы қоры 4,7 миллиард тонна мұнай баламасын құрайтын 23 ауқымды геобарлау жобасын іске асыруға кірісті. Әсіресе Каспий маңы ойпатының тұз асты кешенін терең зерттеу үшін әлемдік энергетика алыптарының басын қосатын жаңа халықаралық консорциум құрылмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Терең қабаттар мен 23 жаңа жоба
Алматыда өтіп жатқан мерейтойлық KIOGE-2026 халықаралық мұнай-газ конференциясында сөз сөйлеген ұлттық компания өкілі мұнай саласының болашағы жаңа кен көздерін игерумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Сала басшылығының айтуынша, басты назар бұған дейін қол жетпеген терең қабаттар мен аз зерттелген аумақтарды кешенді игеруге бағытталған.
– Ұзақмерзімді перспективада өндіру көлемінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында КМГ жалпы геологиялық ресурс базасы шамамен 4,7 миллиард тонна мұнай баламасын құрайтын 23 жобадан тұратын ауқымды геобарлау бағдарламасын іске асырып жатыр. Геологиялық барлаудың негізгі фокусы тереңде жатқан горизонттар мен аз зерттелген аумақтарға шоғырланған, – деп мәлімдеді «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев.
Каспий маңының 60 миллиард тонналық әлеуеті
Аталған бағдарламаның ішіндегі ең маңызды әрі стратегиялық бағыты – Каспий маңы ойпатының тұз асты құрылымын зерттеу жобасы. Ғалымдар мен сала мамандары бұл өңірдің ресурстық әлеуетін 60 миллиард тонна мұнай баламасына дейін бағалап отыр.
Осындай орасан зор байлықтың нақты көлемін дәлелдеу үшін ауқымды сейсмикалық барлау жұмыстары жоспарланған. Жоба шеңберінде шамамен 60 мың бойлық шақырымды құрайтын аумақта сейсмикалық деректер жинақталып, заманауи геофизикалық талдаулар жасалады. Тұз қыртысының астында жатқан аса терең қабаттарды бұрғылау бұған дейін қолданылмаған озық технологияларды қажет етеді.
Әлемдік алпауыттардың қатысуымен консорциум құрылады
Қазақстанның бұл бастамасына шетелдік ірі трансұлттық мұнай-газ корпорациялары үлкен қызығушылық танытуда. Қазіргі таңда америкалық Chevron, еуропалық Shell, сондай-ақ Қытайдың ірі мемлекеттік алыптары CNOOC пен Sinopec зерттеу жұмыстарына қатысуға ниет білдірген.
Қазір «ҚазМұнайГаз» осы халықаралық компаниялармен жаңа альянс құру бойынша белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. Мұндай серіктестік аса тереңдегі қабаттарды барлау кезіндегі қаржылық тәуекелдерді бірлесе бөлісуге және заманауи халықаралық бұрғылау технологияларын тартуға жол ашады.
Ескі кен орындарындағы өнім көлемінің табиғи түрде азаюы кезеңінде басталған бұл қадам Қазақстанның әлемдік энергетика нарығындағы жетекші экспорттаушы мәртебесін алдағы ондаған жылдар бойы сақтап қалудың басты кепілі болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







