Сарапшы Нұрлан Жұмағұлов өзінің жеке парақшасында Қазақстандағы арзан жанармайдың шетелге қалай ағылып жатқаны жөніндегі түйткілді мәселені көтерді. Автор көрші елдермен арадағы баға айырмашылығы, ішкі өндіріс болжамы мен аймақтағы жеткізілім іркілістері ел ішінде отын тапшылығын тудыруы мүмкін екенін нақты есеппен көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бір рет бак толтырудан 168 мың теңге үнем: баға айырмасының әсері
Нұрлан Жұмағұловтың есебінше, жүк көлігінің жүргізушісі Қазақстаннан Қырғызстанға жол тартқанда 500 литр дизель отынын шекараға жетпей құйып алса, 178 мың теңге төлейді, ал шекара асқан соң тура сондай көлем 256 мың теңгеге түседі. Яғни бір ғана тоқтаудан 78 мың теңге үнемделеді. Ал Өзбекстан бағытындағы баға айырмасы одан да үлкен — дәл осындай 500 литрден 168 мың теңгеге дейін қаржы үнемдеуге болады.
Сарапшы атап өткендей, сатып алынған 500 литр отын түгелдей Қазақстанның ішкі сатылым статистикасына енеді, алайда жүргізушінің шекара сыртында қанша шақырым жүретіні чектен көрінбейді. Сондықтан ел ішіндегі жанармай сатылымы отандық жолдардағы нақты тұтынудан жылдамырақ өсуі мүмкін.
Осындай жағдай АИ-92 бензинінде де байқалады. Нұрлан Жұмағұлов келтірген деректерге сай, 50 литр АИ-92 Қазақстанда 12 700 теңге тұрса, Ресейде одан 6 200 теңгеге, Қырғызстанда 9 850 теңгеге, ал Өзбекстанда 16 250 теңгеге қымбат. Осы үш мемлекет те Қазақстанмен шектесетіндіктен, жүргізушілердің отынды қосымша бактармен тасымалдау оқиғалары жиі тіркеледі.
Отандық МӨЗ өндірісі сұранысты жаба ала ма?
Мақала авторы еліміздегі зауыттардың өндірістік қуатына да тоқталады. Болжам бойынша, 2026 жылы қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) 14,4 миллион тонна ашық түсті мұнай өнімдерін шығармақ. Аталған көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға, ал 2024 жылдан 2 миллион тоннаға артық.
Дегенмен дизель отынына сұраныс жылына орта есеппен 500 мың тоннаға өсіп отыр. Елдегі үш ірі МӨЗ биыл дәл осынша көлем қосып, 2025 жылғы 6,1 миллион тоннадан рекордтық 6,6 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал АИ-92 бензині бойынша өндіріс жоспары 4,7 миллион тонна болса, болжамды сұраныс — 4,6 миллион тонна, яғни екеуінің арасындағы айырма небәрі 100 мың тоннаны ғана құрайды.
Бұдан бөлек, Нұрлан Жұмағұлов көрші нарықтағы ахуалға назар аударады. Бұған дейін Қырғызстан сырттан сатып алатын бензиннің 90 пайыздан астамын Ресейден алған. Алайда ресейлік МӨЗ-дерге жасалған украиналық соққылардан кейін жеткізілімде іркіліс туындап, Қырғызстан Қытайдан және өзге елдерден отын импорттай бастады. Сарапшы Argus бағалауына сүйеніп, ресейлік зауыттардағы жөндеу жұмыстарына байланысты Орталық Азияға қысқы дизель аз түссе, қырғыз тасымалдаушылары Қазақстан шекарасында көбірек жанармай құюға ұмтылатынын ескертеді. Автордың пікірінше, басты түйткіл көрші елдің экономикасын субсидиялауда емес, сыртқа ағылу салдарынан еліміздің өз ішінде отын тапшылығы туындау қаупінде жатыр.
Шекарадан қанша отын өтіп жатқанын қалай білуге болады?
Сарапшы 2023 жылдың сәуірінде Үкімет келтірген деректерді де еске салады: ол кезде жылына жан басына шаққандағы дизель шығыны Қазақстанда — 370 литр, Ресейде — 225, Қырғызстанда — 98, ал Өзбекстанда 44 литр болған. Алайда оған жүк көліктері, тракторлар мен комбайндардың шығыны кіретіндіктен және арақашықтық пен егін науқаны әсер ететіндіктен, тек елдерді салыстыру арқылы сыртқа кеткен нақты көлемді есептеу қиын.
«Оңтүстік бағыттағы бір ғана сапар 78 мыңнан 168 мың теңгеге дейін үнем беретін жағдай сақталғанша, жүргізушілер шекарадан жанармай багын толтырып өтуге тырыса береді», – деп түйіндейді сарапшы Нұрлан Жұмағұлов.
Жұмағұловтың пайымдауынша, шетелге кеткен отын мөлшерін шекара маңындағы жанармай құю станцияларындағы сатылым арқылы бағалауға болады. Егер шекарадан өтетін жүк көліктерінің саны өзгермей, көрші елде дизель қымбаттаған соң қазақстандық бекеттерде сауда күрт артса, баға айырмасына байланысты ағынның үлесін анықтау мүмкін болады. Автор оңтүстік бағыттағы бір ғана сапар 78 мыңнан 168 мың теңгеге дейін үнем беретін жағдай сақталғанша, жүргізушілер шекарадан жанармай багын толтырып өтуге тырыса беретінін түйіндейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







