Қасым-Жомарт Тоқаев Түркіменстанда өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында цифрлық кеңістіктің жастар санасына ықпалы туралы күрделі мәселе көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент өз сөзінде қазіргі ақпараттық ағынның кері әсерін ашық айтып, мұны «интернет диктатурасы» және «TikTok-менталитет» деп сипаттады. Мемлекет басшысының пайымынша, қысқа да жеңіл контентке тәуелділік жастардың сыни ойлауы мен парасатты шешім қабылдау қабілетін әлсіретуде.
ТМД-ның Алтын кітапханалық қоры
«Бұл интернет-диктатурасы белең алған, соның салдарынан жастардың «TikTok-менталитеті» мен соған сай мінез-құлқы қалыптасқан бүгінгі заманда айрықша маңызды. Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленді, «Оқылатын 100 кітап» жобасы іске асуда. Мен осы идеяны кеңейтіп, халықтарымыздың озық әдеби жауһарларын қамтитын «ТМД-ның Алтын кітапханалық қорын» құруды ұсынамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл қор 2027 жылдың ортасында Астанада бой көтеретін Президенттік кітапхана базасында орналасуы мүмкін. Мұнда ортақ цифрлық кітапхана мен кәсіби аударма ісі бір арнаға тоғыспақ.
Жасанды интеллект және таяз сана қаупі
Сонымен қатар Қазақстан Президенті жасанды интеллектіні дамыту қажеттігін де ерекше баса айтты. Оның пікірінше, жаңа технологияларды тек тұтынушы емес, оны өндіруші әрі басқарушы болу ел экономикасының басты кепілі. Осыған байланысты Тоқаев 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астанада ТМД аясында жасанды интеллект бойынша халықаралық форум өткізуді ұсынды.
Ашығын айтқанда, Ақорданың ұстанымы цифрлық прогресті жоққа шығару емес, керісінше алгоритмге тәуелді таяз санадан құтылу қажеттігін аңғартады. Бір жағынан ЖИ жетістіктерін игеру, екінші жағынан классикалық кітап оқу мәдениетін сақтау бүгінгі буын үшін ең өзекті тепе-теңдік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






