Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында елдегі агро-олигархтар мен латифундистерге қатаң ескерту жасады. Мемлекет басшысы ауылдың берекесін қашырып, құнарлы алқаптарды тек жеке басының пайда көзіне айналдырғандармен заң жүзінде біржола қоштасу қажеттігін қадап айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы елімізде жер реформасы аясында ауқымды жұмыс жүріп жатқанын, алайда ауыл шаруашылығын жеке меншігіндей көріп, миллиондаған гектарды уысында ұстап отырғандарға мемлекеттік қысым одан сайын күшейетінін ескертті. Оның айтуынша, даладағы қарапайым шаруаның еңбегін қанап, пайдасын Дубай мен Лондонда шашып жүргендердің дәуірі өтті.
«Ауылдағы жер – нақты жұмыс істейтін, тер төгетін шаруаның еншісіне бұйыруы тиіс. Шетелде немесе қалада шалқып өмір сүріп, жерді тек пайда табу құралы көретін, ал ауылдағы жұмысшының маңдай терін бағаламайтындармен заң шеңберінде қоштасамыз. Ешкім де заңнан биік емес. Жерді тиімсіз пайдаланып отырған немесе заңсыз иемденген латифундистерге ешқандай жеңілдік болмайды», – деді Президент Тоқаев.
Ақорда басшысы пайдаланылмай жатқан, заңсыз берілген әрбір гектардың мемлекетке қайтарылып, жергілікті тұрғындардың игілігіне берілетінін нақтылады.
Қайтарылған миллиондаған гектар және неофеодалдар мұрасы
Соңғы жылдары елімізде «Жер аманаты» комиссиясы мен қадағалаушы органдардың араласуымен 12 миллион гектардан астам пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – тұтас бір Еуропа мемлекетінің аумағымен пара-пар алып көлем.
Кезінде билікте болған ықпалды шенеуніктер, бұрынғы облыс әкімдері мен министрлер туған-туыстарының атына жүздеген мың гектар алқапты рәсімдеп, ауыл халқын мал жаятын жайылымсыз қалдырған еді. Құнарлы жерлерді жай ғана банктерге кепілге қойып, несие алу немесе қазынадан субсидия қарпу үшін пайдаланған осындай «виртуалды қожайындардың» кесірінен ауылдар қаңырап, жұмыссыздық пен кедейлік белең алды.
Ақорданың қаһары кімдерге бағытталған?
Президенттің соңғы мәлімдемесі ауыл шаруашылығындағы монополия мен жекелеген агро-холдингтердің көлеңкелі схемаларына жасалған тура соққы болды. Қоғамда ұзақ жылдар бойы субсидияның басым бөлігін қалтасына басып келген аса ірі аграрлық магнаттар мен саяси кландардың нақты тізімі ашық айтыла ма деген заңды сұрақ тұр.
Ауылдардағы қарапайым халық жерді тек қағаз жүзінде иемденіп, инфрақұрылымға бір тиын салмаған, тұрғындарға жарық пен жол салып беруге құлықсыз олигархтардың жауапқа тартылуын талап етуде.
Егер Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін құзырлы органдар тек ұсақ қожалықтарды ғана емес, ондаған жылдар бойы қол тигізбей келген ең ірі агро-олигархтардың иелігіндегі алып алқаптарды толық тексеріп, халыққа таратса, бұл ауыл экономикасын жандандыратын нағыз тарихи әділдік болар еді. Ауылдағы әлеуметтік теңсіздікті жоюдың басты шарты – жердің нағыз диқан мен малшының қолына өтуі болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






