Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, жоғары білім сапасын арттыру және отандық университеттердің зерттеу әлеуетін күшейту – Қазақстанның зияткерлік және технологиялық дамуының маңызды бағыттары. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және қазақстандық ғалымдардың халықаралық академиялық кеңістікке кірігуі ерекше рөл атқарады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астанада өткен III Стратегиялық әріптестер форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық академиялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру, ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелеріне назар аударды. Форум аясында шетелдік университеттермен серіктестік, өңірлік ғылыми орталықтарды дамыту, зерттеу инфрақұрылымын нығайту және жаһандық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген сұхбат барысында халықаралық ғылыми ықпалдастықтың отандық ғылымға берер мүмкіндіктері, университетке ұлттық мәртебе берудің маңызы, Шымкенттің ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі әлеуеті және БҰҰ университетінің өңірлік зерттеу хабын ашудың перспективалары туралы пікір білдірді.
Халықаралық ынтымақтастық және отандық ғылым әлеуеті
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында халықаралық ғылыми ықпалдастықты дамытудың маңызын атап өтті. Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашып, 40 стратегиялық серіктестік келісімі жүзеге асырылып жатыр. Сіздің ойыңызша, мұндай ынтымақтастық отандық ғылымның әлеуетін арттыруға және қазақстандық ғалымдардың халықаралық деңгейде танылуына қандай мүмкіндіктер береді?
— Бүгінде әлемдік даму үдерісінде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның зияткерлік әлеуетімен, ғылыми жетістіктерімен және инновациялық мүмкіндіктерімен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық ғылыми ықпалдастықты дамытуға бағытталған саясаты Қазақстанның ғылым мен жоғары білім саласындағы әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.
Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші университеттерінің филиалдары ашылып, 40 стратегиялық әріптестік туралы келісімнің жүзеге асырылуы еліміздің халықаралық академиялық кеңістіктегі орны нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Мұндай ынтымақтастықтың маңызы шетелдік білім беру тәжірибесін игерумен шектелмейді. Ең бастысы, ол қазақстандық ғалымдардың халықаралық зерттеу топтарына қосылуына, әлемдік ғылыми инфрақұрылымға қол жеткізуіне, бірлескен ғылыми жобалар мен жоғары технологиялық әзірлемелерді жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар халықаралық зерттеулерге қатысу отандық ғалымдардың еңбектерінің халықаралық деңгейде танылуына, гранттық қаржыландыруға қол жеткізуіне және жас зерттеушілердің кәсіби тұрғыдан қалыптасуына ықпал етеді.
«Біздің ойымызша, халықаралық ынтымақтастықтың түпкі нәтижесі Қазақстанның озық ғылыми тәжірибені қабылдаумен шектелмей, әлемдік ғылымның дамуына өзіндік үлес қосатын мемлекет ретінде қалыптасуынан көрінуі тиіс. Бұл еліміздің ғылыми дербестігін нығайтып, ұлттық зияткерлік әлеуетін арттыруға берік негіз болады», – деді Мұхтар Төлеген.
Әуезов университетінің ұлттық мәртебесі және Шымкенттің рөлі
— Мемлекет басшысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар Шымкентті оңтүстік өңірдегі ірі ғылыми-білім беру орталығына айналдыру міндетін қойды. Бұл шешім университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, халықаралық серіктестігін кеңейтуге және өңірде жаңа ғылыми ортаның қалыптасуына қандай мүмкіндіктер береді?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешімі – университеттің ғана емес, тұтас оңтүстік өңірдің ғылыми-білім беру жүйесін дамытуға тың серпін беретін стратегиялық маңызы зор қадам.
Бұл шешімді университеттің көпжылдық ғылыми және білім беру дәстүріне көрсетілген жоғары сенім әрі оның болашақ дамуына жүктелген үлкен мемлекеттік жауапкершілік деп қабылдаймыз.
Президент Шымкент қаласын еліміздің оңтүстігіндегі ірі ғылыми-білім беру орталығына айналдыру міндетін айқындады. Осы орайда ұлттық университет өңірдің зияткерлік әлеуетін біріктіретін, ғылым мен өндірісті ұштастыратын және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын жетекші орталыққа айналуға тиіс.
Біздің университет үшін ұлттық мәртебе ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлемнің жетекші университеттерімен стратегиялық серіктестікті тереңдетуге, халықаралық зертханалар ашуға, іргелі және қолданбалы ғылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.
Атап айтқанда, Қытайдың Donghua University университетімен бірлескен халықаралық тоқыма зертханасын құру бастамасы ғылым мен өндіріс байланысын нығайтуға бағытталған нақты жобалардың бірі. Алдағы уақытта материалтану, химиялық технологиялар, жасанды интеллект, су ресурстарын тиімді пайдалану және агроөнеркәсіп салаларындағы ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге де мүмкіндік мол.
Басты мақсатымыз – университеттің жинақталған ғылыми тәжірибесін өңір экономикасының нақты қажеттіліктерімен ұштастырып, жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдердің әзірленуіне жағдай жасау.
Ұлттық мәртебе – ең алдымен, үлкен сенім мен жауапкершілік. Ендігі міндет – осы сенімді нақты ғылыми жетістіктермен, сапалы біліммен және ел дамуына қосылатын үлеспен ақтау.
Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру арқылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Шымкент қаласы мен тұтас оңтүстік өңірдің ғылыми-инновациялық дамуына ықпал ететін, халықаралық деңгейде танылған іргелі білім және ғылым орталығы ретінде қалыптасуға ұмтылады.
Ғылыми зерттеулерді сапалық жаңа деңгейге көтеру
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік университеттер басшыларымен кездесуде академиялық ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеру қажеттігін атап өтті. Қазақстанда шетелдік университеттердің филиалдарын ашудың бастапқы кезеңі аяқталып, ендігі міндет бірлескен зерттеулер жүргізу мен жаңа технологияларды әзірлеуге бағытталып отыр. Бұл бастама отандық жоғары білім жүйесінің дамуына және Қазақстанның халықаралық ғылыми кеңістіктегі орнына қалай әсер етеді?
— Мемлекет басшысының халықаралық академиялық ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеру жөніндегі бастамасы еліміздің жоғары білім жүйесін дамытудағы маңызды стратегиялық қадам.
Қазақстан шетелдік жетекші университеттермен институционалдық серіктестік орнатудың алғашқы кезеңінен өтті. Ендігі басты міндет – қалыптасқан халықаралық байланыстарды нақты ғылыми нәтижелерге, технологиялық жаңалықтарға және экономиканың дамуына ықпал ететін жобаларға айналдыру.
Бұл ретте университеттердің рөлі де өзгеріп келеді. Заманауи университет тек білім беретін мекеме емес, жаңа ғылыми идеялар туындайтын, технологиялар әзірленетін және олар өндіріске енгізілетін инновациялық орталық болуы қажет.
Әсіресе, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика, биотехнология және су ресурстарын басқару сияқты стратегиялық бағыттар бойынша халықаралық зерттеу консорциумдарын қалыптастырудың маңызы зор.
Мұндай серіктестік қазақстандық ғалымдарға әлемдік ғылыми жобаларға тең дәрежеде қатысуға, бірлескен зертханаларда жұмыс істеуге, зияткерлік меншік нысандарын әзірлеуге және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі қол қойылған меморандумдардың санымен емес, жүзеге асырылған ғылыми жобалардың сапасымен, әзірленген технологиялармен және олардың қоғам мен экономикаға тигізген нақты пайдасымен өлшенуі тиіс», – деп атап өтті ректор.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыс Қазақстанның халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін нығайтып қана қоймай, технологиялық әлеуетін арттыруға және ғылымға негізделген экономиканы дамытуға берік негіз қалайды.
Бәсекеге қабілеттілік және халықаралық рейтингтер
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру, отандық университеттердің әлеуетін күшейту міндеттеріне басымдық беріп келеді. Осы бағытта шетелдік жетекші университеттермен тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық бағдарламаларды дамыту қаншалықты маңызды? Мұндай әріптестік қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қалай ықпал етеді?
— Жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру – еліміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып, университеттердің ғылыми әлеуетін күшейту, білім беру мазмұнын жаңарту және халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттерін жүйелі түрде алға қойып келеді.
Қазіргі жаһандану жағдайында жоғары оқу орындарының дамуын халықаралық академиялық кеңістіктен бөлек қарастыру мүмкін емес. Әлемнің жетекші университеттерімен тиімді серіктестік орнату білім беру сапасын арттыруға, озық ғылыми әдістерді енгізуге және мамандар даярлаудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл ретте қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамыту, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығын кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және халықаралық ғылыми мектептер қалыптастыру айрықша маңызды.
Сонымен қатар шетелдік серіктестермен ынтымақтастық отандық университеттерде зерттеу мәдениетін дамытуға, жас ғалымдардың халықаралық ғылыми ортаға кірігуіне және білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының заманауи талаптарына бейімдеуге мүмкіндік береді.
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті де халықаралық интеграцияны стратегиялық даму бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Университетіміздің QS Asia University Rankings 2027 рейтингінде Азияның үздік 200 университетінің қатарына еніп, 185-орынға ие болуы – осы бағыттағы жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі.
Алдағы уақытта қол жеткізілген нәтижелерді жаңа ғылыми жобалар, халықаралық білім беру бағдарламалары және шетелдік серіктестермен бірлескен зерттеу орталықтарын дамыту арқылы нығайту маңызды.
Бәсекеге қабілетті университет қалыптастырудың басты шарты – халықаралық тәжірибені ұлттық мүддемен ұштастырып, сапалы білім мен нәтижелі ғылыми зерттеулерді қамтамасыз ету.
Мұндай ұстаным Қазақстан университеттерінің әлемдік академиялық кеңістіктегі орнын нығайтып, еліміздің зияткерлік және технологиялық дамуына үлес қосады.
БҰҰ университетінің өңірлік хабы: жаңа көкжиектер
— Қазақстанда БҰҰ университетінің өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісім жасалмақ. Бұл бастама еліміздің ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және шетелдік зерттеушілерді тартуға қаншалықты ықпал етеді?
— Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімнің жасалуы – еліміздің халықаралық ғылыми ынтымақтастығындағы маңызды жетістік.
Бұл бастама Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші академиялық және ғылыми орталықтардың бірі ретінде қалыптасуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
БҰҰ университеті халықаралық ғылыми сараптаманы біріктіретін беделді құрылым болғандықтан, оның Қазақстанда өңірлік хаб ашуы отандық ғалымдардың жаһандық зерттеу желілеріне қосылуына, халықаралық ғылыми бағдарламаларға қатысуына және шетелдік зерттеушілермен тұрақты әріптестік орнатуына ықпал етеді.
Әсіресе, Орталық Азия елдеріне ортақ су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі, орнықты даму, өңірлік интеграция және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерделеуге кең мүмкіндік береді.
Өңірлік зерттеу хабы халықаралық сарапшылардың, ғылыми ұйымдар мен университеттердің әлеуетін біріктіріп, өзекті мәселелер бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлейтін маңызды алаңға айнала алады.
Бұл бастаманың тағы бір маңызды қыры – Қазақстанның халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асырумен қатар, жаһандық ғылыми күн тәртібін қалыптастыруға да белсенді қатысуына жол ашуы.
Біздің ойымызша, БҰҰ университетінің өңірлік зерттеу хабын ашу Қазақстанның ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және Орталық Азиядағы білім, ғылым мен инновация салаларындағы ықпалдастықтың жаңа кезеңіне негіз қалауға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







