Түркия мен Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше төрт ел – Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан арасындағы өзара тауар айналымы соңғы бес жылда 72,2 миллиард долларды құрады. Бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығы дәстүрлі бағыттардан бөлек көлік-логистика, жасанды интеллект, еркін экономикалық аймақтар мен цифрлық сауда салаларында да қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бес жылдағы сауда көлемі және оң сальдо
Түркия статистика институтының (TÜİK) мәліметіне сәйкес, 2021–2025 жылдар аралығында Түркияның аталған төрт мемлекетке жасаған экспорты 41,6 миллиард долларға жетті. Ал осы елдерден Түркияға жөнелтілген импорт көлемі 30,6 миллиард долларды құрады. Нәтижесінде Түркияның түркі елдерімен сыртқы саудасындағы профициті 10,9 миллиард долларға тең болды.
Түркия экспорттаушылар кеңесінің (TİM) есебі бойынша, биылғы тоғыз айдың өзінде Түркиядан осы төрт мемлекетке жөнелтілген тауар құны 4,8 миллиард доллардан асты.
Қазақстан – Түркияға ең көп өнім сатқан ел
Түркияның экспорттық тауарларын ең көп тұтынған мемлекеттер көшін 13,7 миллиард доллармен Әзербайжан бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Қазақстан (12,4 млрд доллар), Өзбекстан (9,9 млрд доллар) және Қырғызстан (5,6 млрд доллар) жайғасты.
Ал Түркия нарығына керісінше өнім өткізу бойынша Қазақстан көшбасшы атанды. Анкара елімізден жалпы құны 16,7 миллиард доллар болатын шикізат пен дайын өнім импорттаған.
Бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан 6,9 миллиард доллармен екінші, Әзербайжан 6,2 миллиард доллармен үшінші сатыға тұрақтады. Қырғызстаннан жөнелтілген импорт 951,9 миллион долларды құрады.
«Орта дәліз» және 2040 жылға дейінгі мақсат
Түркі мемлекеттері ұйымының «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық бағдарламасына сәйкес, мемлекеттер арасында тауар, капитал, қызмет, технология және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету басты басымдық саналады.
Осы орайда Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар жаңа деңгейге көтерілуде. Азия мен Еуропаны жалғайтын Орта дәлізді (Транскаспий халықаралық көлік бағдары) дамытумен қатар, тараптар инновация, жасанды интеллект, ғарыш өнеркәсібі және пайдалы қазбаларды игеру бағыттарында ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Әзербайжанмен қорғаныс өнеркәсібі мен Баку – Тбилиси – Карс теміржол желісі күшейтілсе, Өзбекстан және Қырғызстанмен цифрлық сауда және өзара инвестициялар ағыны жыл санап артып келеді. Түркі әлемінің ортақ экономикалық әлеуеті жаһандық сауда дәліздеріндегі жетекші күшке айналуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







