Алматыдағы жаңартылған Республика алаңында тұрғындардың шағымынан кейін бүлінген орындықтар қалпына келтіріледі, деп хабарлады қалалық қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ойылып, сынып жатқан орындықтар туралы қала тұрғындары әлеуметтік желіде жарыса жазды.
Тұрғындардың наразылығы
«Республика алаңында бірнеше сынған орындықты көрдім. Олардың орнатылғанына бірнеше ай ғана болды ғой! Көңілім түсті. Кейбір адамдарымыз әдемілікке лайық емес пе деп ойладым. Оларды әдемі жерлерден қалай оқшаулауға болады? Әрине, риторикалық сұрақ», – деп наразылығын білдірді Threads желісінің қолданушысы.
Басқарма өкілдері вандализм фактілерін мердігер ұйым тіркеп жатқанын мәлімдеді.
«Мердігер ұйым бүлінген абаттандыру элементтері бойынша тиісті ақау актілерін жасауда. Қалпына келтіру жұмыстары кепілдік міндеттемелер аясында жүргізіледі», – деп нақтылады басқармадан.
Алаңды абаттандыру жұмыстары
Алматыда Республика алаңын абаттандыру жұмыстары осы жазда аяқталған болатын. Жаңарту жұмыстары Сәтбаев көшесінің бойымен Байзақовтан Луганскийге дейінгі аумақты қамтыды. Жоба тұжырымдамасын британиялық LDA Design компаниясы әзірлеген. Бұған дейін тұрғындар жаңартылған алаңдағы қауіпті пандустарға да шағымданған еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







