Сіз банктік депозит аштыңыз, бірақ кенеттен шұғыл ақша қажет болды. Оны қалай шешіп алуға болатынын және қандай қиындықтар кездесуі мүмкін екенін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында (ҚДКҚ) түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банк салымды мерзімінен бұрын беруден бас тарта ала ма?
Жоқ, банктердің мұндай құқығы жоқ. ҚР Азаматтық заңнамасы банктерді салымшының алғашқы талабы бойынша салымды немесе оның бір бөлігін беруге міндеттейді. Банктік салым шарты бойынша белгілі бір мерзімді көздейтін салымдар бойынша (мерзімсіз, мерзімді және жинақ салымдары) банк ақшалай қаражатты осы мерзім келген кезде беруге міндетті.
Салымшының қалауы бойынша банк салымды мерзімінен бұрын қайтара алады, бірақ оның түріне байланысты мерзімдер өзгереді: мерзімді және мерзімсіз салым бойынша – 7 күнтізбелік күннен кешіктірмей, жинақ салымы бойынша – салымшының талабы түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күннен ерте емес.
Банк барлық ақшаны қайтара ма, әлде бір бөлігін ұстап қала ма?
Бірінші кезекте, барлығы мерзімінен бұрын қандай соманы шешіп алуды ұйғарғаныңызға байланысты. Мұны екі жолмен жасауға болады: не төмендемейтін қалдыққа дейін ішінара шешу, не шартты мерзімінен бұрын бұзып, толықтай қайтарып алу.
Жинақ салымы бойынша ішінара шешіп алу қарастырылмаған. Салымшы шартты бұза отырып, оны тек мерзімінен бұрын толық қайтарып алуға құқылы. Бұл жағдайда салымшы жинақталған сыйақының барлығын дерлік жоғалтады – ол талап етуге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде ғана төленеді.
Мерзімді салымдар бойынша ішінара шешіп алуды төмендемейтін қалдыққа дейін жүзеге асыруға болады. Егер салымшы жинағын толық алғысы келсе, онда банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзуы қажет. Екі жағдайда да салымшы жинақталған сыйақының едәуір бөлігін жоғалтады.
Мерзімсіз депозиттер бойынша салымды төмендемейтін қалдыққа дейін ішінара алу, әдетте, салымшы үшін ешқандай шығын әкелмейді. Алайда салымшы өз салымын толық шешіп алуды және банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзуды ұйғарса, онда жинақталған сыйақының айтарлықтай бөлігінен айырылуы мүмкін.
Салымшы өз құқығын қалай біле алады?
Бірінші кезекте, банктік салым шартының барлық талаптарын мұқият оқып шығу қажет. Мұны салымды ашқанға дейін жасаған абзал. Шартта барлық жағдайлар, соның ішінде мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі де жазылады.
Әдетте, мерзімсіз салымды ішінара шешу кезіндегі банктердің жиі кездесетін шарттары мынадай:
Біріншіден, салымшы банктік салым шартын бұзбай, сыйақыны жоғалтпастан мерзімсіз салымнан төмендемейтін қалдыққа дейін ақша ала алады. Төмендемейтін қалдық мөлшерін банк дербес айқындайды және ол келісімшартта көрсетіледі;
Екіншіден, банк салым ашылғаннан кейінгі алғашқы күндері – әдетте 15 күннен 1 айға дейінгі мерзімде ақша шешіп алғаны үшін комиссия ұстауы мүмкін. Егер салымшы осы уақыт ішінде қаражатты шешіп алса, банк шарт талаптарына байланысты комиссия ұстап қалуы немесе сыйақы есептемеуі ықтимал.
Банктік салым шартын мерзімінен бұрын бұзған кезде мерзімсіз салым бойынша мынадай шарттар қарастырылуы мүмкін: есептелген сыйақы нөлге теңестірілуі; талап етілгенге дейінгі мөлшерлеме (0,1%) бойынша қайта есептелуі; есептелген сыйақының ішінара ұсталуы немесе салымның орналастырылған нақты күндері үшін толық көлемде төленуі.
Тағы нені білу маңызды?
2024 жылдың тамыз айынан бастап банктердің салымшыларды салымның негізгі талаптарымен міндетті түрде таныстыруы туралы талап күшіне енеді. Банктер салым бойынша негізгі шарттарды қолжетімді нысанда ашуға міндеттеледі.
Бұл мәліметтерде салым түрі, кепілдік берілетін өтемнің ең жоғары сомасы, валютасы, сыйақы мөлшерлемесі, мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі, салым мерзімін ұзарту шарттары міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Салымның негізгі шарттары туралы ақпарат клиент шарт жасасу кезінде қол қоятын өтініштің бірінші бетінен бастап орналастырылуы қажет. Бұл талап міндетті болып саналады және келісімшарт банктердің мобильді қосымшалары арқылы электронды түрде рәсімделген кезде де қолданылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







