Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бойынша алғашқы жарна көлемі төмендеуі мүмкін. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында азаматтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру мақсатында жауапты мекемелерге нақты тетіктерді әзірлеуді жүктеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бастапқы жарна қалай жеңілдейді?
Үкімет басшысы тұрғындардың қоныс тойын тойлауына мүмкіндік беретін қаржылық тетіктерді барынша жеңілдету керектігін айтты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бірлесіп, халыққа салмақ түсірмейтін тиімді ұсыныстар әзірлеуге кіріспек.
«Тұрғын үйді қаржыландыру тетіктерін жетілдіріп, азаматтар үшін тұрғын үй бағдарламаларының қолжетімділігін арттыру қажет. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, бастапқы жарна мөлшерін төмендету тетіктерін енгізуге қатысты қосымша ұсыныстар әзірлесін», – деді Олжас Бектенов.
Бұл бастама баспана алуға ниетті, алайда қомақты көлемдегі бастапқы қаржыны бірден жинай алмай жүрген мыңдаған отбасының баспаналы болуына жол ашпақ.
20,4 миллион шаршы метр: құрылыста көзбояушылық болмауы тиіс
Жыл соңына дейін ел бойынша 20,4 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Премьер-министр жауаптыларға құрылысты қағаз жүзінде ғана өткізетін формалды әдеттен арылуды талап етті.
Жаңа үйлер тек толықтай абаттандырылып, ауыз су, жылу, жарық және жол желілері тартылғаннан кейін ғана тапсырылуы шарт. Өңір әкімдіктеріне жер телімдерін алдын ала дайындап, инженерлік коммуникацияны жедел жүргізу міндеттелді.
«Жоспарланған 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді нақты пайдалануға беру құрылыс секторындағы басым міндет болып қала береді. Тұрғын үйлер барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, адамдардың қоныстануына толық дайын болуға тиіс», – деп қадап айтты Үкімет басшысы.
Газдандыру деңгейі және экономикалық қарқын
Жиында энергетика және инфрақұрылым бағыты да қаралды. Мемлекет басшысының 2035 жылға дейін елді көгілдір отынмен қамту деңгейін 80 пайызға жеткізу жөніндегі стратегиялық тапсырмасына сәйкес, биыл көрсеткішті 64,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта Энергетика министрлігі, QazaqGaz ұлттық компаниясы және әкімдіктер магистральдық газ құбырларын тарту жұмыстарын күшейтуі қажет.
Жалпы тоғыз айдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикалық өсімі 4,2 пайызды құрады. Негізгі қозғаушы күш – өңдеу өнеркәсібі, көлік саласы және 11,5 пайыздық қарқынмен алға басқан құрылыс секторы. Үкімет басшысы жыл соңына дейін барлық бекітілген әлеуметтік және экономикалық индикаторларды толық әрі сапалы орындауды қатаң тапсырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







