2026 жылдың бірінші тоқсанында 207,9 мың жеке кәсіпкер (ЖК) өз жұмысын біржола тоқтатқан. Бұл ма, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресми органдар мұны жұрттың «өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» режиміне ауысудың нәтижесі деп ақтауда. Алайда нақты сандар басқа шындықты жайып салды.
Салықты қысқан сайын түсім азайған
«Ақ жол» партиясының талдауынша, сегіз айдың қорытындысы бойынша еліміздің 20 өңірінің 13-інде жергілікті салық жинау жоспары орындалмаған. Ал 18 өңірде түсім тіпті өткен жылғыдан да төмендеп кеткен. Яғни салықты қысқан сайын, түсім көбеймей, керісінше азайған.
Депутат Олжас Нұралдинов реформаның басты соққысы микробизнеске, әсіресе дүкендер мен асханаларға тигенін ескертуде. Ірі алпауыттар салықты заңгерлер мен аудиторлар арқылы реттеп алса, маржасы шағын қарапайым кәсіпкердің алдында үш-ақ таңдау қалған: бағаны шарықтату, қызметкерді қуып қолма-қол есепке көшу немесе есігіне қара құлып ілу.
«Respublica» партиясынан Руслан Ыдырысов үй іргесіндегі дүкендердің таза маржасы небәрі 8–12% екенін айтып, арнайы салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін түсіруді және әлеуметтік тауарлар бойынша эквайринг комиссиясын 0,5%-дан асырмауды талап етуде.
B2B шығындары мен сарапшы пікірі
Арнамызға пікір білдіріп тұратын танымал экономист Арман Бейсембаевтың пайымынша, реформаның ең қауіпті тұзағы жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлердің B2B мәмілелері бойынша шығындарын шегере алмауы.
«Мәселен, мен диван жасау үшін басқа компаниядан шикізат аламын. Бірақ жаңа ереже бойынша ол шығынды есептен шығара алмаймын. Яғни қалтамнан ақша шығарып материал алғаным аздай, сол жұмсалған шығыным үшін де мемлекетке салық төлеуге мәжбүрмін», — дейді сарапшы.
Бұл дегеніміз шағын өндірушілер ірі компаниялармен жұмыс істей алмай, тапсырыс берушілерінен айырылды деген сөз. Үкімет фискалдық тәбетін тежей алмаса, жаппай жабылу науқаны жалғасады. Сарапшылардың болжамынша, нағыз дағдарыстың екінші толқыны 2027 жылдың көктемінде анық сезіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







