Республика күні қарсаңында Жетісу облысында бейімделген ғимараттың орнына жаңа мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Осылайша, биыл өңірде 5 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, тағы 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс құрылғаннан бері 24 жаңа білім беру нысаны салынып, 27 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар бейімделген ғимараттарда орналасқан мектептер саны екі есе азайды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Ertenmedia.kz.
50 жылдан кейінгі жаңа ғимарат
Жаңа мектеп Кербұлақ ауданының Көксай ауылында пайдалануға берілді. Бұған дейін мектеп 1970 жылдардың соңында салынған, бейімделген бір қабатты ғимаратта орналасқан еді. Онда асхана мен спорт залы болмаған. Ал ғимарат салынғалы бері тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Біздің мектеп 60 орынға арналған. Бұрынғы ғимараттың салынғанына 50 жылдан астам уақыт болғандықтан, қазіргі талаптарға сай келмеді. Енді оқушыларымыз пәндік кабинеттермен, спорт және акт залдарымен, кітапхана және зертханалармен жабдықталған заманауи мектепте білім алады. Қазіргі уақытта мектебімізде 20 мұғалім жұмыс істейді, оның бесеуі – жас маман. Мектепте 51 бала оқиды», – деді Көксай негізгі мектебінің директоры Әсем Сарыбаева.
Лента қию рәсімінен кейін іс-шараға қатысушылар мен ауыл тұрғындары жаңа мектептің ішін аралап көрді.
Ауыл тұрғындары мен оқушылардың лебізі
Жаңа мектеп туралы ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар пікір білдірді.
— Көксай мектебінде 38 жыл еңбек еттім. Жаңа мектептің ашылуы – бәріміз үшін, тұтас ауыл үшін үлкен қуаныш. Әрине, барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи мектепте бізге, ұстаздарға, жұмыс істеу әлдеқайда қолайлы болады. Мен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне бұдан былай да үлесімді қоса беремін, – деді мектеп мұғалімі Рауза Сқақбаева.
— Бұл мектепте менің балаларым оқыды, енді немерелерім білім алып жүр. Барлық ауылдастарымды құттықтаймын! Балаларымыз жаңа мектепте жақсы оқысын, – деді ауыл тұрғыны Коку Даева.
— Ескі мектеп қыста салқын болатын, ал жаңа мектеп жылы, жайлы әрі жарық. Мұнда арнайы кабинеттер мен сан түрлі жабдықтар бар. Енді олимпиадалар мен байқауларға қатысуға мүмкіндігіміз молайды. Біз мектебіміздің мәртебесін көтеруге бпар күш-жігерімізді саламыз, — деді мектеп оқушысы Сания Асхатқызы.
9-сынып оқушысы Сайдхасан Балтаев та осындай пікірде:
— Жаңа мектеп ескі мектептен әлдеқайда үлкен. Жеке спорт залы мен заманауи жабдықталған түрлі кабинеттері бар. Білім алуға жағдай әлдеқайда жақсарды. Біз де жақсы оқуға тырысамыз, – деді ол.

Өңірдегі білім ошақтарының құрылысы
Атап өтсек, биыл өңірде Панфилов ауданының Сұптай ауылында, Текелі қаласының Рудничный ауылында, Ақсу ауданының Көлтабан ауылында және Кербұлақ ауданының Көксай ауылында жаңа мектептер пайдалануға берілді. Сондай-ақ Көксу ауданының Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы және Ескелді ауданының Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қаратал ауданының Үштөбе қаласында 600 орынды жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар қайтарылған активтер есебінен Көксу ауданының Балпық би ауылында 600 орындық мектеп салынып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







