Бішкекте өткен Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының XV пленарлық отырысында Қазақстан түркі елдеріне арналған ортақ үлгілік Цифрлық кодекс әзірлеу бастамасын көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Пленарлық отырысқа Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай бастаған қазақстандық делегация қатысты. Биылғы басқосу «Жасанды интеллект және технологиялық прогресс дәуіріндегі түркі әлемінің парламентаралық ынтымақтастығы» тақырыбына арналды.
Түркі әлемінің ортақ цифрлық кеңістігі
Жиында Айбек Дәдебай жасанды интеллект пен заманауи технологиялар түркі елдерінің ортақ күн тәртібінде ерекше орын алатынын жеткізді. Бұл бағыт биыл Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіндегі бастамалармен үндеседі.
Құрылтай төрағасы технологиялық әлеуетті біріктірудің маңызына тоқталды:
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің IT-хабтар желісін және Астанадағы Alem.AI базасында Жасанды интеллект орталығын құру бастамасының маңыздылығын атап өтті. Бұл жобалар елдеріміздің технологиялық әлеуетін біріктіріп қана қоймай, ортақ цифрлық экожүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұндай тетіктер ынтымақтастықты декларативті деңгейден нақты практикалық нәтижелерге көшіруді қамтамасыз етеді», – деді Айбек Дәдебай.
Сонымен қатар жиынға қатысушыларға цифрлық мониторинг пен инновациялар орталықтарын ашу, сондай-ақ Түркі мемлекеттерінің киберқауіпсіздік кеңесін құру ұсынылды.
Заңнамалық тәжірибе және Цифрлық кодекс
Қазақстанда 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Құрылтай төрағасы әріптестерімен елімізде дайындалып жатқан Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң жобасының тәжірибесімен бөлісті. Осы негізде ТүркПА аясында ұсынылған ортақ құжат бауырлас мемлекеттер үшін бірыңғай әдіснамалық база қалыптастыруға жол ашады.
Қазақстанда заң шығару жұмысы «e-Quryltai» жүйесіне көшіріліп, аймақтағы ең қуатты қос суперкомпьютер іске қосылған. Сондай-ақ GovTech инфрақұрылымы, AI-Sana бағдарламасы мен Astana Hub экожүйесі табысты жұмыс істеп тұр.

Бішкек декларациясы және төрағалықтың ауысуы
Пленарлық отырыс барысында депутаттар Әмірбек Оспанбеков пен Сатыбалды Бұршақов баяндама жасады. Тараптар өнеркәсіптік меншік құқығын қорғау, балаларды зиянды ақпараттан сақтау және бірлескен кәсіпорындар туралы бірқатар үлгілік заңды қабылдап, Бішкек декларациясын бекітті.
Кеңес қорытындысында Қазақстан ассамблеядағы төрағалықты Қырғыз Республикасына салтанатты түрде тапсырды.
Халықаралық кездесулер мен қосалқы сессиялар
Сапар аясында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров парламенттер басшыларын қабылдады. Айбек Дәдебай Жогорку Кенеш төрағасы Марлен Маматалиевпен, Әзербайжан Милли Мәжілісінің төрағасы Сахиба Гафаровамен және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушпен келіссөздер өткізді.
Шара барысында қазақстандық депутаттар Дидарбек Ділдәбек жастардың шешім қабылдауға қатысуы жайында ой қозғаса, Айжан Темірбаева әйелдер дипломатиясы мен мәдени бірлік мәселелеріне арналған отырыста баяндама жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







