Президент Жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Оның кандидатурасын мәслихат депутаттарының 83 пайызы қолдады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәслихат депутаттарының отырысына Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр қатысты. Жиынға облыс аумағынан 178 депутат жиналды. Дауыс беру ашық форматта өтті.
Роман Скляр Президенттің әкім лауазымына ұсынған екі кандидаттың есімін жариялады. Олар бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев болды. Депутаттардың басым бөлігі Әріновтің кандидатурасына дауыс берді.
Олжас Бектенов өңір активіне жаңа әкімді таныстырды. Бұған дейін облысты басқарған Марат Сұлтанғазиевке әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан үлесі үшін алғыс айтылды. Жаңа басшыға қордаланған міндеттерді жүйелі әрі нәтижелі орындау тапсырылды.
Әлеуметтік нысандар цифрлық теңгемен бақыланады
Премьер-министр денсаулық сақтау жобаларын уақытында аяқтауға назар аударды. Қарасай ауданында перинаталдық орталық пен емхана, Қаскелеңде жұқпалы аурулар ауруханасы салынбақ. Іле ауданындағы перзентхана бөлімшесі де жаңғыртылады.
Бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы қатаң бақылауға алынады. Қаражат қозғалысын қадағалау үшін цифрлық теңге тетігі қолданылмақ. Үкімет басшысы әр теңге тұрғындар үшін нақты нәтиже беруге тиіс екенін ескертті.
Құрылыс бағдарламаларында отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі. Жергілікті компаниялар жұмысқа тартылып, қазақстандық құрылыс материалдары мен жабдықтары пайдаланылуға тиіс. Тауарлар мен қызмет бағасын жасанды көтеруге жол берілмеуі қажет.

Кәсіпкерлерге мемлекеттік тапсырысты баға көтерудің амалына айналдырмау міндеті қойылды. Олар өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағыт алуы керек. Мұндай тәсіл жергілікті экономиканың толық өндірістік тізбегін жандандыруға мүмкіндік береді.
Ауыл мен қала арасындағы алшақтық қысқаруға тиіс
Жаңа әкім жұмысының негізгі бағыттарының бірі ауылдағы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру болмақ. Су, жылу, электр және кәріз жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғырту тапсырылды. Коммуналдық желілердегі апат санын азайтуға ерекше көңіл бөлінеді.
Агроөнеркәсіпте суармалы егіншілікті дамыту мен су шығынын қысқарту міндеті тұр. Шаруашылықтарға су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу қажет. Ауыл шаруашылығының өңір экономикасындағы үлесі де артуға тиіс.
Автомобиль жолдарын жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жандандырылады. Өңдеу өнеркәсібі, туризм, шағын және орта бизнес жаңа экономикалық өсу нүктелеріне айналуы керек. Инвестиция тарту ісінде Алатау қаласының әлеуетін тиімді пайдалану тапсырылды.
Алматы облысының жаңа басшылығына берілген міндеттердің ауқымы кең. Ендігі нәтиже баяндамамен емес, пайдалануға берілген аурухана, жаңарған желі, жөнделген жол және ашылған жұмыс орнымен өлшенеді. Үкімет өңірдегі әр жобаға жүйелі әрі кешенді бақылау қажет екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







