Алматы облысында шетелдік клиникаларда біліктілігін арттырған дәрігерлерден құралған мобильді топтар аудандарды аралап жүр. Мамандар тұрғындарды тексерумен қатар, жергілікті медицина қызметкерлерін практикалық тұрғыдан оқытуда, – деп жазады Ertenmedia.kz.
2026 жылы медицина кадрларын даярлауға жергілікті бюджеттен 160 млн теңге бөлінді. Соның 100 млн теңгесі 37 дәрігердің Ресей мен Беларусь клиникаларында білім алуына жұмсалды. Мамандар ана мен бала денсаулығы, кардиология, онкология, нейрохирургия және гематология бағыттарын меңгерді.
Мобильді топтар Балқаш, Райымбек және Кеген аудандарында 1137 пациентті қабылдады. Түрлі күрделіліктегі алты ота жасалып, анықталған ауруларға емдеу тактикасы белгіленді. Науқастарға диспансерлік бақылау жөнінде ұсынымдар берілді.
Акушер-гинеколог 383 әйелге, педиатр 238 балаға кеңес берді. Психиатр диспансерлік есептегі 129 адамды қабылдады. Жалпы практика дәрігерлері 227 пациентті тексерді.
Балалар нейрохирургі 46 пациентті қарап, бір науқасқа бірегей операция жасады. Хирург 80 адамды қабылдап, төрт ота өткізді. Травматолог 57 пациентке кеңес беріп, бір операция жасады.
Неонатолог перзентхана мамандарына үш практикалық тренинг өткізді. Дәрігерлер жаңа туған сәбиді тұрақтандыру, өкпені жасанды желдету және шала туған баланы күту тәсілдерін үйретті. Реанимация мен акушерлік қызмет бойынша мастер-кластар ұйымдастырылды.
Қарғалы аудандық ауруханасындағы екі күндік сапарда 35 маммографиялық зерттеу жүргізілді. Инфекционист 27 адамды, акушер-гинеколог 34 жүкті әйелді тексерді. Жергілікті мамандар маммографияны бағалау және жүкті әйелдердегі гепатит тақырыбында оқытылды.
Мобильді топтар ауыл тұрғындарын облыс орталығына сабылтпай, бейінді көмекке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге аудан дәрігерлері заманауи диагностика мен емдеу тәсілдерін жұмыс барысында меңгереді. Мұндай сапарлар алдағы уақытта да жүйелі жалғасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







