Алматы облысында жолдарды жаңарту, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл өңірде 142 жол жобасын жүзеге асыру көзделген, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Облыстық маңызы бар үш жолдың 50 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Жобаларға 16,6 млрд теңге бөлінді. Есік-Саймасай жолындағы жұмыстың 95 пайызы аяқталды.
Алмалыбақ-Жетісу жолының дайындық деңгейі 70 пайызға жетті. Алматы-1-Шамалған станциясы-Ұзынағаш бағытында жұмыс 65 пайызға орындалды. Үш нысанды да жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Қарасай ауданындағы Қаскелең өзені арқылы өтетін көпір пайдалануға берілді. Оның жөндеуіне 551,5 млн теңге жұмсалды. Түрген өзеніндегі су шайып кеткен көпірді қалпына келтіруге 674,5 млн теңге бөлінді.
Биыл тағы алты учаскенің 23,4 шақырымында орташа жөндеу жүргізілуде. Оның үш нысаны 2027 жылға өтпелі жоба ретінде белгіленді. Жол күтіміне алты мердігер, 151 техника және 164 жұмысшы тартылды.
Облыстық жолдарда 800 шақырым таңба жаңартылды. 65 мың шаршы метр жол жөнделіп, 480 белгі мен 2,5 шақырым темір қоршау орнатылды. Жолаушылар үшін 42 автобус аялдамасы салынды.
Аудандық деңгейдегі жобалар 666 шақырым жолды қамтиды. Соның 510,6 шақырымы биыл, 155,4 шақырымы келесі жылы аяқталады. Қазір жоспарланған көлемнің 63 пайызы немесе 322,4 шақырымы жөнделді.
Боралдай-Шіліккемер жолына ауыр жүк көліктерін автоматты өлшейтін станциялар орнатылып жатыр. Жобаның 70 пайызы орындалған және оны желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Жүйе артық жүк салдарынан жолдың мерзімінен бұрын бұзылуын азайтуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







