Қазақстанда Республика күнін мерекелеуге байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған ХҚКО-лар 26 қазан күні жұмыс істемейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сенбідегі кезекші бөлімдердің кестесі
Мереке қарсаңындағы сенбіде, яғни 24 қазан күні кезекші және мамандандырылған орталықтар азаматтарды қысқартылған кестемен қабылдайды. Қызмет алушылар үшін бұл бөлімшелер сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін ашық болады.
Мамандандырылған ХҚКО-ларда көлік пен жүргізуші куәлігін ресімдеу бойынша өтініштер сағат 9:00-ден 12:00-ге дейін қабылданып, дайын құжаттар сағат 13:00-ге дейін беріледі.
«26 қазанда еліміз бойынша барлық ХҚКО мен мамандандырылған орталықтар қызмет көрсетпейді. Орталықтар өз жұмысын 27 қазаннан бастап әдеттегі кестеге сай қайта жалғастырады», – деп нақтылады «Азаматтарға арналған үкімет» өкілдері.
Мерекелік демалыс күндері
Биыл Республика күні жексенбіге сәйкес келіп тұр. Осыған орай қосымша демалыс күні дүйсенбіге, яғни 26 қазанға ауыстырылды. Бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететін қазақстандықтар 24, 25 және 26 қазан күндері қатарынан үш күн демалады.
Мемлекеттік корпорация өкілдері кезекші орталықтардың нақты мекенжайларын 1414 бірыңғай байланыс нөмірі немесе ресми әлеуметтік желі парақшалары арқылы нақтылауға болатынын еске салды. Мереке күндері қажетті қызметтерді электронды үкімет порталы мен мобильді қосымшалар арқылы онлайн алуға мүмкіндік бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







