Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Әскери реформа жоспары мақұлданды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құжат Қарулы Күштерді құрылымы мен басқару жүйесін қайта қараудан бастап жауынгерлік дайындықты, әскери білім беру мен технологиялық жарақтандыруды жетілдіруге дейінгі кешенді қайта құруды көздейді. Мақсат – заманауи, ұтқыр әрі технологиялық армия құру.
Реформаның негізгі бағыттары
Жоспар Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарауды, қорғанысты жоспарлауды жетілдіруді, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құруды және армияның негізгі құрамдас бөліктерін күшейтуді қарастырады.
Дайындықтың екі кезеңді моделі енгізіледі: алғашқы алты айда жаңадан шақырылған сарбаздар оқу орталықтарында даярлықтан өтсе, келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет етіп, жауынгерлік дайындыққа және бөлімшелер құрамындағы тапсырмаларды орындауға басымдық береді.
Әскери кеңесшілер және Әскери қызметшілердің құқықтары жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарлануда. Жарғыдан тыс қарым-қатынастардың алдын алуға, тәртіпті нығайтуға және командирлік мәдениетті арттыруға ерекше назар аударылады.
Мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту, бастапқы әскери дайындықты жетілдіру және «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» әскери-патриоттық тәрбие жүйесін дамыту көзделген. Сонымен қатар Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау жоспарланған.
Іске асыру кезеңдері мен мерзімі
Жоспардың негізгі ережелерін Қауіпсіздік кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева баяндады. Құжат әскери құрылыстың халықаралық тәжірибесін, қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізу әдістерін және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленді. Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жоспарлы жаңғырту туралы баяндама жасады.
Ұйымдастыру шараларын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген, ал негізгі тұжырымдамалық шаралар 2027 жылға жоспарланған. Президент сондай-ақ биылғы жылдың соңына дейін Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия жұмысын аяқтауды тапсырды.
Әскери қауіпсіздік – барлық мүдделі органдардың үйлесімді жұмысын талап ететін жалпыұлттық міндет, – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жоспардың орындалуын үйлестіру Қазақстан Үкіметі мен Қауіпсіздік кеңесіне жүктелді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







