Қазақстандағы салық органдары бизнес нысандарына тексеру тағайындау тәсілдерін өзгертуге ниетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұйрыққа қандай өзгеріс енгізілмек?
Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 31 қазандағы №659 бұйрығына тың негіз енгізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржановтың мәліметінше, жаңа ережеге сәйкес салық заңнамасы мен оған жанама талаптардың бұзылуы автоматтандырылған жүйенің қатысуынсыз анықталса да тексеруге тікелей себеп бола алады.
Қазіргі қолданыстағы ережелер бойынша кірістер комитеті мен аумақтық басқармалардың бизнес өкілдеріне қандай негізбен ревизия жүргізе алатыны нақты белгіленген. Алайда заңбұзушылықтарды бағдарламасыз, қолмен іздеп табу қазіргі тізімге кірмейді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ұстанымы
Осы мәселеге қатысты ведомство өкілдері толықтай «қолмен басқаруға» көшу болмайтынын мәлімдеп, алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Тексерілетін кәсіпкерлер тізімін бұрынғыдай тәуекелдерді басқару жүйесі қалыптастыруды жалғастыра бермек.
Дегенмен компьютерлік алгоритмдер де қателіктерден ада емес. Кейде бағдарлама белгілеген күмәнді тұстар жаңсақ болып шығып, бизнеске орынсыз қысым тудырады. Мұндай олқылықтарды жою және салық төлеушілерді іріктеуді барынша дәл ету үшін кірістер органдары іріктеп қайта тексеру тетігін енгізуді жөн көрген.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
«Шартты түрде айтқанда, 100 салық төлеушінің ішінен бесеуін іріктеп аламыз. Осы тәуекелдердің қаншалықты дұрыс есептелгенін қараймыз. Егер барлық тәуекеліміз расталса, қайтадан автоматтандырылған процеске ораламыз. Сондықтан бұл қандай да бір өкілеттікті кеңейту емес, тәуекел профилін жетілдіру ғана».
Басқаша айтқанда, салық органдары өз бағдарламаларының тиімділігін шағын компаниялар тобына нүктелік сынақ жүргізу арқылы қадағалап, кәсіпкерлерге негізсіз кінә артуды азайтуға тырысады.
Астанадағы сот дауы
Аталған жаңашылдық салық заңгерлері мен мемлекеттік орган арасындағы пікірталас кезеңінде ұсынылып отыр. Қазір елорда сотында салық заңгерлері мен Қаржы министрлігі арасындағы тексеру тағайындау ережелеріне қатысты сот процесі жүріп жатыр.
Жарты жылға жуық уақытқа созылған дау 21 қазанда кассациялық сатыға жетті. Даудың түпкілікті нәтижесі отандық кәсіпкерлердің құқығы мен мемлекеттік бақылаудың болашақ қағидаттарына айтарлықтай әсер етпек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







