Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар денсаулығына байланысты еңбекке қабілетінен айырылған жағдайда жұмысын тоқтатпай-ақ арнайы төлем ала алады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Елімізде мемлекеттік қордан тағайындалатын әлеуметтік қолдаудың екі түрі ұзақ жылдар бойы төленуі мүмкін. Еңбекке қабілетін жоғалтқан азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) қаржы зейнет жасына жеткенге дейін беріледі. Ал асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне көмек кәмелетке толғанға дейін, күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін тағайындалады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2026 жылдың тоғыз айында еңбекке қабілетінен айырылу бойынша төлемді 97,6 мың адам алған. Оларға барлығы 45,3 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар 68,5 мың отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алып отыр, оған 33,3 млрд теңге бөлінді.
2026 жылдың тоғыз айында еңбекке қабілетінен айырылу бойынша 97,6 мың адамға жалпы көлемі 45,3 млрд теңге төленді.
Жұмыстан шығу міндетті емес
Еңбекке қабілетінен айырылу бойынша төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады. Бұл ретте медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеуі қажет. Төлем тиісті мерзімге беріледі, бірақ ол зейнет жасына жеткенге дейінгі кезеңнен аспайды. 2026 жылы белгіленген зейнет жасы ерлер үшін 63 жасты, әйелдер үшін 61 жасты құрайды.
Төлемді ресімдеу үшін міндетті түрде жұмыстан босау талап етілмейді. Еңбекке шектеу қойылғанымен, денсаулығы мүмкіндік беретін азаматтар кәсіби қызметін тоқтатпай жүргізе алады.
Әлеуметтік кодекске сәйкес, төлем алу құқығы азаматтың жұмысты тоқтатқанына немесе еңбек қызметін жалғастырып жатқанына қарамастан толық сақталады.
Төлем мөлшері қалай есептеледі?
Төлем сомасы әрбір алушы үшін дербес айқындалады. Есептеу барысында соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар аударылған табыс мөлшері, еңбекке қабілетінен айырылу дәрежесі (30 пайыздан 100 пайызға дейін) және сақтандыру жүйесіндегі өтілі ескеріледі.
Жүйе құрылғаннан бері МӘСҚ еңбек ету қабілетін жоғалтқандарға жалпы сомасы 338 млрд теңге төлеген. Мұндай төлем республикалық бюджеттен берілетін мүгедектік бойынша мемлекеттік жәрдемақының орнын баспайды, оған қосымша екінші деңгейлі көмек ретінде тағайындалады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







