Павлодар облысында жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 6279 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 1504-і шетел азаматы, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сот шешімімен өзге мемлекеттің 99 азаматы Қазақстан аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарылған. Заң бұзған шетелдіктер көбіне көші-қон полициясы өткізетін рейдтер кезінде анықталады.
Тексеру барысында құрылыс нысандары мен ойын-сауық орындарында тиісті рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген шетел азаматтары табылған. Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану талаптарын бұзғаны үшін 119 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көші-қон саласындағы бақылау «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруда маңызды рөл атқарады. Ел аумағында жүрген әр азамат Қазақстан заңын сақтауға міндетті. Ал жұмыс берушілер шетелдік қызметкерлерді заңсыз еңбекке тартып, жауапкершіліктен жалтара алмайды. Мұндай бақылау еңбек нарығын қорғап, көлеңкелі жұмыспен қамту мен заңсыз көші-қонның алдын алуға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері 595 шетелдік Қазақстан азаматтығын алған. Сонымен бірге облыстың 254 тұрғынына шетелге тұрақты тұруға шығуға рұқсат берілді. Оның 94-і алыс шетелге, 160-ы ТМД мемлекеттеріне қоныс аударуды жоспарлаған.
Бұдан бөлек, өңірдің 64 961 тұрғыны жеке куәлік және паспортпен құжаттандырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







