«Самұрық-Энергия» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа бекітілген кестеден кешіккені үшін бірнеше рет қатаң ескерту жасалған. Үкіметте өткен брифинг барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осы жайтты растап, Алматы қаласындағы жылу электр орталықтарын жаңғырту мерзімдеріне қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жауапкершілік пен тәуелсіз бақылау қажеттігі
Министрдің айтуынша, стратегиялық маңызы бар энергетикалық нысандарды жаңғырту кезінде кестені бұзуға және салғырттыққа жол берілмейді. Құрылыс барысына қатысты жауапкершілік ведомствоға да жүктелетінін жеткізген Ерлан Ақкенженов жұмыс сапасына бақылауды түбегейлі өзгерту қажет екенін баса айтты.
«Үкімет отырысында мерзімдерді кешіктіріп, кестеде көзделген тиісті жұмыс көлемін орындамағаны үшін бірнеше рет ескерту алған «Самұрық-Энергияның» бұрынғы басқарма төрағасын қызметінен босату туралы жарияланғанын білесіздер. Жауапкершіліктен ешкім қашып құтылмайды. Жауапкершілік біздің министрлікте де бар. Бірақ мердігерлер, соның ішінде «Самұрық-Энергия» озық бағдарламалық шешімдерді енгізіп, құрылыс барысы мен жұмыс сапасын бақылайтын және нәтижелерін баяндап отыратын тәуелсіз инспекторларды тартуы қажет», – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Алматыдағы қос ЖЭО қай мерзімде іске қосылады?
Брифингте министр Алматы қаласын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі станцияларды жаңғырту жұмыстарына жеке тоқталды. Қазіргі таңда ЖЭО-2 нысанының су жылыту бөлігі толығымен аяқталып, қала тұрғындарына жылу беріп тұр. Электр қуатын өндіретін бөлікті қараша айының соңына дейін бітіру жоспарланған. Ал станциядағы барлық құрылыс-монтаждау жұмысы 2026 жылдың 25 желтоқсанында түпкілікті тәмамдалуға тиіс. Станция көгілдір отынға көшірілген соң, көмірмен жұмыс істейтін бөлігі резерв ретінде сақталады.
Ал ЖЭО-3 нысанындағы жағдай едәуір күрделі болып тұр. «Самұрық-Энергия» деректеріне сүйенген Ерлан Ақкенженов бұл станцияның құрылысын тек 2027 жылдың соңына қарай аяқтау межеленгенін жеткізді. Аталған нысанда көмір жағу мүлде қарастырылмаған: станция толығымен газбен жұмыс істейді.
Қайрат Мақсұтовтың қызметтен кетуі
«Самұрық-Энергия» басқарма төрағасы қызметін атқарған Қайрат Мақсұтов 28 қазанда орнынан босатылды. Үкімет бұл кадрлық шешімді инвестициялық жобалардың тым баяу жүзеге асуымен және жаңа қуат көздерін іске қосу мерзімдеріне жеткілікті бақылау жасалмауымен байланыстырған болатын.
Келесі күні өткен жиында премьер-министр Бектенов бұрынғы басшыға тиісті ескертулердің бірнеше мәрте жасалғанын, бірақ мерзімдер мен жұмыс кестесінде оң өзгеріс байқалмағанын мәлімдеген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







