АҚШ-тағы сайлауда демократтар ойсырата жеңіске жетті. Олар Өкілдер палатасы мен Сенатты өз бақылауына алып, губернаторлық бәйгелерде басым түсті және бұрын-соңды ешкім күтпеген жерлерде жеңіске қол жеткізді. Техас 1990 жылдан бері алғаш рет демократ губернаторды таңдады. Канзаста демократ 1932 жылдан бері алғаш рет Сенаттан орын алды! Қаңтардан бастап Трамп оппозиция бақылауындағы Конгресспен жұмыс істеуге мәжбүр болады және іс жүзінде «ақсақ үйрекке» айналады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бірақ басты мәселе бұл емес.
Небәрі екі жыл бұрын республикашылдар өз қарсыластарын дәл осылай талқандаған еді. Олар Ақ үйді де, Конгресстің қос палатасын да иеленген болатын. Екі жыл өтті – маятник кері бағытқа теңселді.
АҚШ-тың шынайы күші міне, осында. Долларда да, армияда да немесе Голливудта да емес. Сайлау күнтізбесінде.
Сайлау күнтізбесі және тежемелік жүйе
Америкалықтар әр екі жыл сайын Өкілдер палатасын ТОЛЫҚТАЙ және Сенаттың ҮШТЕН БІРІН қайта сайлайды. Ірі демократиялар арасында мұндай қысқа цикл – сирек құбылыс. Сайлаушыларды тыңдаудан қалған саясаткер бұл туралы бес-алты жылдан кейін емес, небары екі жылдан соң біледі.
Сонымен бірге негізгі «сақтандырғыштар» сайлауға тәуелді емес. Жоғарғы соттың судьялары сайланбайды: оларды Сенаттың келісімімен президент өмір бойына тағайындайды. ФРЖ төрағасы да тағайындалады және оның қызмет мерзімі президент мерзімімен сәйкес келмейді, ал ФРЖ басқарушылар кеңесінің мүшелері 14 жылдан қызмет етеді. Жүйенің бір бөлігі сайлаушылардың көңіл-күйіне тез жауап берсе, екінші бөлігі әдейі баяу әрекет етеді. Бұл – іс жүзіндегі тежемелік әрі тепе-теңдік тетігі.
Мұндай жүйе қалай қалыптасты?
Құрылтайшы-әкелер жеке тұлғаларға арқа сүйеген жоқ. Олар жүйеге ставка жасады.
Мемлекеттің құрылуы оңай болған жоқ. Алғашқы құрылым – Конфедерация баптары – жұмыс істемеді: орталық биліктің ақшасы да, нақты өкілеттігі де болмады. 1787 жылдың жазында 55 делегат Филадельфияда жабық есік артында төрт айға жуық пікірталас жүргізді. Шағын штаттар үлкендерден қысым көреміз деп қорықты. Үлкендер өз дауысының шағын штаттармен тең болғанын қаламады. Ымыра екіпалаталы Конгресс арқылы табылды: Өкілдер палатасында орындар халық санына қарай бөлінеді, ал Сенатта әр штаттың екі дауысы бар.
Құжатқа 55 делегаттың 39-ы ғана қол қойды. Бұдан кейін ратификациялау үшін күрес басталды, кей жерлерде нәтиже өте тығыз болды. Нью-Йорк конституцияны 27-ге қарсы 30 дауыспен, Вирджиния 79-ға қарсы 89 дауыспен мақұлдады. Соңғы штат – Род-Айленд оны тек 1790 жылы 32-ге қарсы 34 дауыспен ратификациялады.
Джеймс Мэдисон басты идеяны бір ғана сөйлеммен тұжырымдады: «Егер адамдар періште болса, ешқандай үкіметтің қажеті болмас еді». Періштелер жоқ болғандықтан, «мансапқорлық мансапқорлыққа қарсы тұратын» жүйе қажет.
Мотивация өте күшті болды: тәуелсіздік соғысындағы жаңа ғана қол жеткізілген жеңіс және корольдің орнына өзімізден шыққан тиранды алып келу қаупі бар еді. Сонымен қатар саяси мәдениеттің деңгейі жоғары болды.
Міне, содан бері 240 жылға жуық уақыт өтті. Президенттер, партиялар мен ұрандар алмасып жатты. Ал сайлаушыларға бағытты бейбіт әрі жүйелі түрде түзетіп отыруға мүмкіндік беретін тетік әлі күнге дейін мінсіз жұмыс істеп тұр: 2024 жылы бір бағытқа бұрылса, 2026 жылы екінші жаққа ойысады.
Инвестор үшін де мұнда үлкен сабақ бар: нақты бір саясаткерге емес, кез келген саясаткерден кейін де мызғымай сақталатын институттарға сенім артқан жөн.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







