Шымкентте Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаздық – ұлы міндет» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға екі мыңға жуық адам қатысты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қатысушылар қатарында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, адам және бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілдер, педагогика саласының ардагерлері болды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдер қатысты.
Қала әкімі өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен елді дамытуда ұстаздар еңбегінің маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, педагогтердің сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасау қаланың басты міндеттерінің бірі саналады.
Шымкентте соңғы екі жыл ішінде 13 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта Тұран, Shymkent City және Асар-2 шағынаудандарында үш жаңа мектеп салынып жатыр.
Үздік педагогтер мемлекеттік награда алды
Қалада білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы жалғасуда. №7 IT мектеп-лицейін заманауи талаптарға сай жаңарту жоспарланған.
Салтанатты жиында білім саласының дамуына үлес қосып, заманауи оқыту тәсілдерін енгізген ұстаздар марапатталды. Кәсіби қызметінде жоғары нәтижеге жеткен педагогтерге ерекше құрмет көрсетілді.
Ғабит Сыздықбеков Мемлекет басшысының атынан үздік қызметкерлерге «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Бірқатар мұғалім қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Пән олимпиадасы, спорт сайысы және түрлі байқауда жеңімпаз дайындаған ұстаздарға да алғыс айтылды. Оқушылардың жетістігі педагогтердің күнделікті еңбегінің нәтижесі екені атап өтілді.

Қаланың 80-нен астам түлегі әлемдегі 100-ден астам жетекші университеттен шақырту алып, халықаралық білім грантына ие болды. Шымкент оқушылары халықаралық және республикалық пән жарысында 16 алтын, 44 күміс және 63 қола медаль жеңіп алды.
«Алтын белгі» иегерлері саны да жыл сайын артып келеді. Мерекелік кеш танымал өнерпаздар қатысқан концертпен жалғасып, ұстаздарға өскелең ұрпаққа берген білімі мен тәрбиесі үшін алғыс білдірілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







