Шымкенттегі «Көрме» орталығында дәстүрлі «Шымкент өнімдері – 2026» қалалық көрмесі жұмысын бастады. Қала әкімдігі ұйымдастырған іс-шараға 70-тен астам отандық кәсіпорын қатысып отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Көрмеде жеңіл және тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасау, жиһаз бен химия саласының өнімдері ұсынылды. Агроөнеркәсіптік кешен мен құрылыс материалдарын шығаратын компаниялар да өз тауарларын таныстырды.
Қатысушылар қатарында «Рахат-Шымкент», «ВИЗиТ», «Бал Текстиль», «Шымкент-Кашемир» және «КазИталКожа» компаниялары бар. Сондай-ақ MegaSMARTB2B және ECOPHARM Family Group жетістіктерін көпшілік назарына ұсынды.
Көрменің мақсаты – Шымкентте шығарылатын өнімдерді кеңінен танытып, оларды өткізу нарығын ұлғайту. Алаң кәсіпкерлерге жаңа серіктес тауып, тікелей іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Іс-шараға құрылыс саласының, қонақүй мен мейрамхана бизнесінің өкілдері шақырылды. Көрмеге тиісті мемлекеттік ведомстволардың мамандары да қатысуда.
Ұйымдастырушылар жергілікті кәсіпорындарды өндірісті жаңғыртып, өнім түрлерін көбейтуге ынталандыруды көздейді. Импорттық тауарлардың орнын отандық өніммен алмастыруға да ерекше көңіл бөлінген.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ермек Тұрманов көрменің 21 қазанда басталғанын айтты. Оның сөзінше, қатысушылар түрлі салада өндірілген дайын өнімдерін ұсынып отыр.
Қазіргі уақытта Шымкентте 900-ден астам ірі, орта және шағын кәсіпорын тіркелген. Олардың ішінде 20 ірі және 40 орта өндіріс орны бар.
Шымкенттің 70-ке жуық дистрибьюторлық және өндірістік кәсіпорны шетел нарығына өнім шығарады. Олардың көбі индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарда жұмыс істейді.
Биыл қалада шамамен 30 жаңа өндіріс нысанын іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 12-сі пайдалануға беріліп, тұрақты жұмыс істеп келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







