Шымкенттегі «Этноауыл» кешенінде қазақтың дәстүрлі киіз басу өнерін дәріптеген «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-танымдық фестивалі өтті. Шара ұлттық мұраны жаңғыртып, оны кейінгі ұрпаққа таныстыруды мақсат етті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Фестиваль қала әкімдігінің қолдауымен, «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Оған Қазақстанның әр өңірінен келген қолөнер шеберлері, өнерпаздар және Қырғызстаннан арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Көпшілік назарына қазақтың киіз бұйымдары ұсынылып, текемет жасаудың дәстүрлі әдістері көрсетілді. Шеберлер жүнді бастапқы өңдеуден дайын бұйым шығаруға дейінгі күрделі жұмысты көрермен алдында орындады.
Илеу, сабау, түту, тарау, иіру, шүйкелеу, бояу, шабақтау және өр салу үдерісі LED экраннан көрсетілді. Көрермендер әр кезеңнің ерекшелігін жақыннан бақылауға мүмкіндік алды.
Қала әкімдігінің өкілі Мөлдір Оңдасынова салт-дәстүр халықтың болмысын айқындайтын рухани негіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай фестиваль ұлттық өнерді танытып, шеберлік сабақтастығын сақтауға ықпал етеді.

Шараның маңызды бөлігі қазақ пен қырғыз қолөнеріндегі ортақ үндестікке арналды. Бішкектен келген 20 шебер киіз өңдеу тәсілдерін көрсетіп, қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасты.
«Ыр-керуен» мәдени қоғамдық қорының жетекшісі Венера Пирматова фестивальге екінші рет қатысып отырғанын айтты. Ол екі елдің шығармашылық байланысы жылдан-жылға нығайып келе жатқанын жеткізді.
Фестивальде «Ғасыр әжелер», «Іскер аналар», «Нұсқа айымдары» топтары мен «Бейісбековтер отбасы» өз өнерін көрсетті. Үлкен буынның шеберлігі жастарға тағылымды үлгі болды.
«Балалар көркемсурет» мектебінің ұстаздары мен шәкірттері киізбен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Осылайша ғасырлар бойы сақталған әдістер жаңа технологиялармен ұштастырылды.
Текемет тұрмыстық бұйым ғана емес, халқымыздың дүниетанымы мен эстетикалық талғамын сақтаған мәдени мұра. Оның әр өрнегінде ұрпақ тәжірибесі мен отбасы жылуы бар.
«ТЕКЕМЕТ FEST» көне технологияларды қайта жаңғыртып, шеберлердің еңбегін көпшілікке танытты. Фестиваль ұлттық қолөнердің өткеннің естелігі емес, бүгін мен болашақтың да құндылығы екенін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







