Шымкентте мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін жаңа форматтағы AI-кеңсе ашылды. Бұл Қазақстанда іске қосылған осындай бесінші цифрлық кеңістік, – деп жазады Ertenmedia.kz.
AI-кеңсенің салтанатты ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев қатысты.
Жаңа кеңістік тұрғындардың цифрлық сервистерді еркін пайдалануына және мемлекеттік қызметтерді мамандардың тұрақты көмегінсіз алуына жағдай жасайды. Мұнда цифрлық сауаттылықты арттыруға да басымдық берілген.
Кеңседе экспресс-қызмет көрсету, цифрлық, сараптамалық және оқыту аймақтары қарастырылған. Келушілерге арналған демалыс орны да жасақталған.
AI-кеңсе заманауи моноблоктармен, жоғары жылдамдықты сканерлермен және ақпараттық экрандармен жабдықталған. Экрандарға eGov GPT цифрлық сервисі орнатылған.
Келушілер қажетті мемлекеттік қызмет туралы мәлімет алып, өтінім беру тәртібін түсіне алады. Жабдықтар құжаттарды сканерлеп, электрондық жүйеге жылдам жүктеуге мүмкіндік береді.

Кеңседегі басты жаңалықтың бірі – құжаттандыру терминалы. Оның көмегімен азаматтар жеке куәлік немесе паспортты бірнеше минут ішінде өз бетінше рәсімдей алады.
Қала әкімі цифрлық технологиялар заманауи болумен қатар, тұрғындарға нақты пайда әкелуі керектігін атап өтті. Ол жобаны жүзеге асырған мемлекеттік корпорация басшылығына алғыс білдірді.
Арман Кенжеғалиев мемлекеттік процестерді цифрландыру күнделікті жұмыстың қалыпты бөлігіне айналғанын айтты. Оның сөзінше, қызметтерді автоматтандыру мен қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән берілуде.
AI-кеңседе тұрғындарды оқытуға арналған арнайы аймақ жұмыс істейді. Мұнда азаматтар цифрлық дағдысын тегін жетілдіріп, электрондық сервистерді қолдануды үйрене алады.
Жоба Shymkent City Mall сауда-ойын-сауық орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Бұған дейін осындай кеңістіктер Астана қаласында, Түркістан және Ұлытау облыстарында ашылған.
Мемлекеттік корпорация AI-кеңселер желісін еліміздің барлық өңірінде дамытуды жоспарлап отыр. Жаңа жоба мемлекеттік қызметті жылдам, түсінікті және тұрғындарға барынша қолжетімді етуге бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







