Шымкентте 25–31 қазан аралығында көркем гимнастикадан көпсайыс бойынша Қазақстан кубогы және жекелеген жаттығулардан ел чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің әр өңірінен мықты спортшылар жиналды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Республикалық додада Астана, Алматы және Шымкент қалаларының өкілдері де бақ сынады. Гимнастшылар жеке және командалық бағдарламаларда өз шеберлігін көрсетті.
Жарысқа қатысушылардың бірі Қаусар Орынбек болды. Ол алты жасынан бастап көркем гимнастикамен айналысып келеді.
Қаусар командалық көпсайыстағы өнері жалпы сәтті шыққанын айтты. Спортшы алдағы уақытта қателерді түзетіп, келесі жарыстарға дайындықты жалғастыратынын жеткізді.
Жарысты Қазақстанның Ұлттық гимнастика федерациясы мен Шымкенттегі №9 олимпиада резервінің мамандандырылған спорт мектебі ұйымдастырды. Турнирге тәжірибелі төрешілер мен жаттықтырушылар қатысты.
Бәсекенің спортшылар үшін маңызы ерекше болды. Көрсетілген нәтижелер көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасын жасақтау кезінде ескеріледі.
Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Лола Әділбекова жоғары орындарға негізгі үміткерлер қатарында Астана, Алматы және Шымкент гимнастшылары бар екенін айтты.
Оның сөзінше, спортшылардың бір бөлігі ересектер санатына жақында ғана ауысқан. Сондықтан олар республикалық жарыстарда тәжірибе жинап, жаңа деңгейдің талаптарына бейімделіп келеді.
Ұлттық құраманың стратегиялық мақсаты – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындалу. Қазақстандық гимнастшылар олимпиадалық лицензиялар үшін күреседі.
Шымкентте республикалық деңгейдегі жарыстың өтуі жергілікті спортшыларға елдің үздіктерімен бәсекеге түсуге мүмкіндік берді. Турнир қалада көркем гимнастиканы насихаттауға да ықпал етеді.
Қазіргі таңда №9 олимпиада резервінің мамандандырылған спорт мектебінде 38 жаттықтырушы мен хореограф еңбек етеді. Олар спортшылардың техникалық және көркемдік дайындығына жауапты.
Мектепте 400-ден астам тәрбиеленуші көркем гимнастикамен айналысады. Республикалық жарыстар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, болашақ ұлттық құрама мүшелерін даярлауға жағдай жасайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







