Шымкенттің Қоғамдық кеңесінде қаланың туристік әлеуеті мен креативті индустрияны дамыту мәселелері талқыланды. Жиында тұрғын үй құрылысы мен мегаполистің сәулеттік келбетіне қатысты жұмыстар да қаралды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері Шымкентке 300 мыңға жуық адам келген. Туризм саласынан бюджетке түскен қаржы 6 млрд теңгеден асты.
Келушілер санының өсуі қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және ойын-сауық салаларына қосымша серпін береді. Сондықтан қала туристерді тартумен қатар, қызмет көрсету сапасын жақсартуға назар аударып отыр.
Қоғамдық кеңес құрамына Нұркен Әлімқұлов пен Ахмет Татыбаев қабылданды. Олар бұрын бос тұрған орындарды толықтырып, жаңа мүшелерге арнайы төсбелгілер табысталды.
2026 жылы Шымкентте бес жаңа қонақүй ашылды. Қазіргі уақытта тағы сегіз қонақүй нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жоспарланған жобалардың қатарында Hilton және Novotel халықаралық желілерінің қонақүйлері бар. Мұндай нысандар қаланың іскерлік және оқиғалық туризмін дамытуға мүмкіндік береді.
Қонақүй қорының кеңеюі Шымкентке ауқымды форум, фестиваль және халықаралық кездесу өткізуге қолайлы жағдай қалыптастырады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Сайрам тұрғын алабындағы туристік нысандарды абаттандыру жұмысы да жалғасып жатыр. Басқарма басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша, жобалардың бір бөлігі демеушілердің қаржысына жүзеге асырылуда.
Шымкенттің негізгі туристік маршруттары әзірленіп, цифрлық форматқа көшірілді. Саяхатшылар қаладағы тарихи, мәдени және демалыс орындары туралы ақпаратты электрондық жүйе арқылы ала алады.
Креативті индустрия бағытындағы маңызды бастаманың бірі – қысқаметражды фильмдер фестивалі. Жоба жас режиссерлерді қолдап, қаланың мәдени өмірін жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған.
Туризм мен креативті индустрияны қатар дамыту Шымкенттің заманауи келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жаңа қонақүйлер, цифрлық маршруттар және мәдени жобалар мегаполистің туристік тартымдылығын арттыра түспек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







